Ауғанстан экономикасы құрдымға кетіп барады

Ауғанстанда 18 миллионнан астам адам бір тілім нанға зәру, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл халықтың жартысынан астамы. Елде қағаз ақша жетіспейді. Тұрғындар банктен аптасына тек 200 доллар ғана ала алады. Бұған дейін бюджет шығынының 75 процентін, халықаралық ұйымдар жауып келген. Енді ол да жоқ. Қыркүйек айында жағдайы ең нашар деген 10 миллион ауған азаматына берілуге тиіс  606 миллион доллардың тек 40 проценті ғана аударылған. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәлімдеуінше, мұның соңы гуманитарлық дағдарысқа әкелуі мүмкін.

Мэри-Эллен Макгроарти, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының өкілі:

– Ауғанстанның экономикасы құрдымға кетіп барады. Қыс болса келіп қалды. Қазірден бастап жанармай бағасы қымбаттап жатыр. Тұрғындар қалай жүрек жалғаймыз, қақаған қыста қайдан жылу табамыз деп сары уайым жетегінде жүр. Мен бұл елде гуманитарлық миссиямен жүргеніме біраз жыл болды. Бірақ қазіргідей дағдарысты бірінші рет көріп отырмын.

Тығырыққа тірелген «Талибан» үкіметі азаматтарға ескі биліктің атынан рәсімделген бұрынғы үлгідегі төлқұжаттарды қайта бере бастады. Бірінші кезеңде тұрғындарға 25 мың құжат берілмек. Қазір күніне 6 мың төлқұжаттан беріліп жатыр. Тәліптердің мұндай шұғыл қадамға баруына мемлекеттік қызметкерлердің соңғы 3 айы бойы жалақы алмауы – басты себеп. Енді оларға төлқұжат үшін төленген ақшадан айлық берілмек.

Сондай-ақ...