425,63 492.05 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Сеулде пәтердің орташа бағасы $1 миллионнан асты

  • 72
  • UPD: 10:39, 07.10.2021
Сеулде пәтердің орташа бағасы $1 миллионнан асты

Оңтүстік Кореяда үй қымбат. Кейінгі 5 жыл ішінде Сеулдегі жылжымайтын мүлік бағасы екі есе өсті. Пәтердің орташа бағасы 1 миллион доллардан асқан. Қазір таңғы самал елі осы көрсеткіші бойынша Гонконг пен Сингапурдан кейін үшінші тұр. Оңтүстік Корея үкіметі де шарасыз. Бағаны төмендетуге тырысқанмен, еш нәтиже жоқ.

Сеулде 83 шаршы метр пәтердің орташа бағасы биыл 1 миллион доллардан асты. Кунмин банктің мәліметі бойынша, Сеул тұрғыны үй алу үшін 17 жыл бойы жалақысының бір тиынын жұмсамай пәтерге ақша жинау керек. Мыңдаған Сеул тұрғындары пәтер жалдауға мәжбүр. Чонсе жүйесі бойынша жалға алушы иесіне мүлік құнының 50 -ден 70 процентіне дейін кепіл ретінде береді. Қожайын бұл ақшаны банкке депозитқа салып, процентін алады. Жалға алушы пәтерде тегін тұрады және екі жылдан кейін пәтер иесі оған кепілді толық қайтарады. Елу үш жастағы Ким Ён Сон осындай шартпен пәтер жалдап тұрады. Ол мемлекеттік қызметші, сондықтан кепілдің 70 процентін мемлекеттен алады.

Ким Ен Сон, Сеул тұрғыны:

– Жастар қалай өмір сүреді? Олардың жалақыларымен миллион доллар тұратын пәтерге ақша жинау мүмкін емес. Үкімет жастарға баспана алуға мүмкіндік беретін саясатты дайындау керек. Өйткені, баспанасыз балаларды асырау қиын. Ал бала туудың төмендеуі - күрделі мәселе.

Сеулде баспана қолжетімсіз. Сондықтан жастардың көбі онымен жапсарлас Кёнги провинциясынан пәтер сатып алады. Жерлесіміз Динара Қошқарбаева отбасымен бірге Корей астанасының шетінде он жыл пәтер жалдады. Бір ай бұрын Сеулден 50 шақырым жердегі Янджу қаласынан үй сатып алды. Көлемі шамамен жүз шаршы метр үйдің бағасы шамамен 250 мың доллар. Динара мен оның жұбайының табысы ипотекаға жетпегендіктен, несие мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін туысына берілді. Қарызды 20 жыл ішінде өтеу керек.

Динара Қошқарбаева, Сеул тұрғыны:

– Ипотекаға мың доллар шамасында жетеді. Содан кейін тамағы бар, басқасы бар – тағы мың доллар. Сосын балалардың оқуы, үйірмелері бар – 400-500. Сосын коммуналдық қызметке тағы 500-600 мың доллар кетеді.

Мамандардың айтуынша, жылжымайтын мүлік дағдарысы – алыпсатарлықтың нәтижесі. Салықты өсіру де бағаны төмендете алмады. Биыл ұлттық тұрғын үй қауымдастығы қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық фактілері анықталған. Олар жаңа үйлер салынатынын біліп, сол жерде учаскелерді алдын ала сатып алады екен. Енді үкімет баспана мәселесін шешудің өзге оңтайлы жолдарын қарастырып әлек.

Ли Мен Чоль, Консалтинг компаниясының менеджері:

– Енді жылжымайтын мүлік бағасын төмендету үшін үкімет заңнамаға жылжымайтын мүлікке несие беру бойынша түзетулер енгізуде. Процент пен несиелеу түзелгенде, бұл жылжымайтын мүлік нарығына жақсы әсер етеді. Мұндай бағдарлама қараша айында басталады.

Баспана мәселесін шешу – Президент Мун Чжэ Иннің уәделерінің бірі. Біра, оны орындауы қиын. Жаңа мемлекет басшысының сайлануына алты ай ғана қалды.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы