Еуроодақ Батыс Балқанға 30 млрд еуро қаржы бөледі  

Еурокомиссия Батыс Балқан елдері Еуроодақтың ортақ нарығына жылдам қосылуы үшін 30 миллиард еуро қаржы бөледі. Бұл туралы Словенияда өткен Еуропалық Одақ пен Батыс Балқан елдері саммитінде Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді.

Алайда кездесу соңында қабылданған құжатта аймақтағы 6 мемлекеттің Одақ құрамына қашан кіретіні жайлы нақты мерзім көрсетілмеді. Еуропалық Одақ тек аймақ елдерінің ұйымға экономикалық интеграциясы және заңсыз миграция мәселелерін қарап, қылмыспен бірлесіп күресу туралы декларация қабылдады.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

– Батыс Балқан – Еуропаның бір бөлшегі. Біздің тарихымыз ортақ, мүддеміз бен құндылықтарымыз бір. Еуропалық одақ Батыс Балқан елдері болмаса, өзін толыққанды ұйым ретінде сезіне алмайды. Сондықтан Еурокомиссия аймақтың Еуропалық одаққа қосылуы үшін қолдан келген шаруаны жасауға дайын.  

Шарль Мишель, Еурокеңес төрағасы:

– Барлықтарыңыз білесіздер, Еуроодақ құрамына кіретін 27 мемлекеттің арасында ұйымға жаңа елдерді қабылдау бойынша пікірталас қызу жүріп жатыр. Біз бұл бағытта бір орында тұра бермей, алға жылжу қажет деп ойлаймыз.

Алайда Германия канцлері Ангела Меркель Батыс Балқан елдерінің Одаққа кіру мәселесінде нақты мерзім белгілеуді қолдамады. Ал кездесуде журналистердің «Солтүстік ағыс-2» жобасына қатысты «Ресей Еуропаға газ тасымалдауда өз міндеттерін орындамаған кездері болды ма?» деген сұраққа «қазір менің қолымда мұндай дерек жоқ» деп жауап берді.