Ауғанстанда бұрынғы мемлекеттік қызметшілердің дүние-мүлкі сатылады

Ауғанстанда бұрынғы үкіметтің құрамында жұмыс істеген мемлекеттік қызметшілердің дүние-мүлкі сатылады.

Сатылымнан түскен қаражат осы елдің электр энергиясы үшін қарызын жабу үшін жұмсалмақ. Бірақ сарапшылардың айтуынша, бұл шара берешектің аз ғана бөлігін өтейді. Тәліптердің мәлімдеуінше, жиған-тергені талан-таражға түскен эксшенеуніктердің барлығы шетелге қашып кеткен.

Айта кетейік, Ауғанстанның электр жарығын тұтынғаны үшін Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Иран алдындағы қарызы 62 миллион долларға жеткен. Сондай-ақ «Талибан» билік басына келгелі электр энергиясы үшін ақша жинақтау деңгейі 70 процентке төмендеген. Энергетикалық компания берешектен құтылу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымынан көмек те сұраған.