Ауғанстанда балалар аштықтан түрлі дертке шалдығып жатыр

Әлемде қауіпті аурулар белең алып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауғанстанда басталған гуманитарлық дағдарыстан балалар түрлі дертке шалдыға бастады. Елде тойып тамақ іші алмай жүрген миллиондаған бүлдіршін аштықтан қызылша ауруы мен іш өтуден қиналады. Елдегі дәрі-дәрмек тапшылығы жағдайды одан бетер ушықтырып тұр. Салдарынан өлім-жітім көрсеткіші артып барады. БҰҰ мамандары аймаққа гуманитарлық көмек көрсету керек деп дабыл қағады. Өткен айда ұйым 4 млн ауған халқын азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Десе де бұл көмек жеткіліксіз дейді мамандар. Жыл соңына дейін 5 жасқа толмаған шамамен 3 млн-нан астам бала аш қалуы мүмкін. 

ДДСҰ безгек ауруына қарсы вакцинаны мақұлдады    

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы алғаш рет безгек ауруына қарсы вакцинаны мақұлдады. Дәрінің өндірісіне 30 жылдан астам уақыт кеткен. Препараттың соңғы зерттеу фазасы 2019 жылы өтті. Шараға Гана, Кения мен Маливиден 800 мыңнан астам тұрғын қатысты. Ғалымдар препараттың тиімділігі 39 процентті құрайтынын, алайда вакцинаны безгек аурына қарсы дәрілермен бірге қабылдаса екпенің тиімділігі 70 процентке артатынын айтады. Ұйым басшысы бұл жаңалықты көптен күткен тарихи сәт деп атады. Мәселен, бүгінде дәрігерлер Африка елдерінде балалар өлімінің негізгі себебі безгек ауруы дейді. Жыл сайын қауіпті дертке 200 млн адам шалдығып, 400 мың адам қаза табады. Олардың 260 мыңнан астамы – 5 жасқа толмаған балалар.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ басшысы:

Бүгін тарихи сәтке куә болдық. Бұл безгек ауруына қарсы вакцина ғана емес, кез келген паразиттік аурумен күресуге арналған дәрі. Сондықтан препарат басқа да дерттерді жеңуге септігін тигізеді. Екпені қолжетімді ету үшін өндірісті арттыру керек. Ол үшін халықаралық әріптестік пен ынтымақтастықты нығайту абзал. Дәрі балаларға жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қазір бұл біздің басты мақсатымыз.

 

Омар Абди, БҰҰ ЮНИСЕФ балалар қорының өкілі:

Гуманитарлық дағдарыс күшейіп барады. Миллиондаған адам аштықтан қырылайын деп тұр. Алда қыс келе жатыр. Оның үстіне коронавирус індеті де басылмады. Елде денсаулық сақтау жүйесі, әлеуметтік бағдарламалардың бәрі құлдырады. Ең қажетті дәрі табу мүмкін емес. Жанармай тапшылығы да бар. Сырттан қолдау болмаса не болатынын елестету қорқынышты.

Коронавирус жұқтырғандардың тең жартысы жастар

Түркияда коронавирус кайта өршіді. Кейінгі тәулікте 30 мыңнан астам адам қауіпті індет жұқтырған. Бұл сәуір айынан кейінгі ең жоғарғы көрсеткіш. Қауіпті індеттен бір күнде 236 науқас көз жұмды. Денсаулық министрінің сөзінше, шалдыққан науқастардың тең жартысы – жастар. Басты себеп – екпенің жеткіліксіздігі мен жастардың екі компонентті алып үлгермеуі болып отыр. Бүгінде Түркияның 87% тұрғыны екпенің бірінші дозасын қабылдады. Қос препаратты салдырғандар көрсеткіші – 73%. Ал қытайың «Синовак» вакцинасынан кейін 3-дозаны алғандардың саны 10 миллионнан асты.

Фахреттин Қожа, денсаулық сақтау министрі:

– Жастар арасында жұқтыру дерегі көп болғанымен ауруханаға, соның ішінде жансақтау бөлімшесіне түскендер көп емес. Дегенмен жастардың ауруды отбасы мүшелері мен ересектерге жұқтыруы мүмкін. Кейінгі бір айда көз жұмағандар арасында 70 жастан асқан азаматтар көп.

COVID-19 дертіне шалдыққандар саны артты

Румыниядағы эпидахуал да мәз емес. Елде бір күннің ішінде 15 мың адам дертке шалдыққан. Жергілікті билік ауруханаларда бос орын жоқ екенін айтады. Дәрігерлер демалыссыз жұмыс істеуде. Жағдайдың ушығуына байланысты көптеген операция кейінге шегеріліп жатыр.

Сондай-ақ...