COVID-19: Ресейдегі кейбір өңірлер шектеулер енгізіп жатыр

Кейінгі тәулікте Ресейде коронавирусты жұқтырған 27 жарым мың науқас анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жыл басынан бері ең жоғары көрсеткіш. Ел астанасы Мәскеуде де індет дендеп барады. Мұнда 5 жарым мыңдай науқас тіркелді. Шілде айының ортасынан бері қалада осыншама көп адам ауру жұқтырып көрмеген.

Бір күнде Мәскеуде коронавирусқа шалдыққан науқастардың саны бірден екі мыңға артты. Жедел штаб өкілдерінің мәлімдеуінше, әрбір бесінші науқас ауруханаға жатқызылған. Елдегі антирейтингті әдеттегідей Мәскеу шаһары мен Мәскеу облысы және Петербург бастап келеді. Осыған байланысты астанада екпе салу пунктері ашылып жатыр. Мысалы ГУМ-дағы вакциналау орталығы жұмысын қайта бастаған.

Павел Хлопин, вакциналау орталығы штабының басшысы:

– Адамдардың келу тәртібі өзгертілді. Кіріп-шығатын есіктері бөлек, бір-біріне жолықпайды. Бұл вакциналау орталығы күніне 5 мың адам қабылдай алады.

Мәскеу тұрғындарының көбі екпені қайта алып жатыр. Олар – бірінші екпені жарты жыл бұрын алғандар.

Андрей Тяжельников, №121 емхананың бас дәрігері:

– Медициналық мекемеде бар, кез келген вакцинамен қайта екпе жасауға болады. 18 жастан асқан адамдар екпе салдырады. Бізде қариялар да вакцина алып жатыр, ешқайсында екпенің кері әсері байқалмады. Мысалы вакцина алған ең үлкен кісінің жасы – 102-де.

Ресей өңірлері жергілікті деңгейде шектеулер енгізіп жатыр. Калининград облысында ауруханалар толып кеткендіктен, жоспарлы дәрігерлік көмек беру тоқтатылуы мүмкін. Нижегород облысында орта сынып оқушылары онлайнға ауысатын болды. Бірқатар өңірде қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуге көшті. Орынборға өзге өңірлерден келгендер ПТР тест тапсыруы немесе бір апта оқшаулануы тиіс. Алайда бүкіл ел аумағында әзірше локдаун жариялау жоспарланбаған.

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров

Сондай-ақ...