426,14 492.05 5.99
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Чехияда қариялар пәтер ақысын төлей алмай қарттар үйіне ауысып жатыр

  • 135
  • UPD: 15:31, 08.10.2021
Чехияда қариялар пәтер ақысын төлей алмай қарттар үйіне ауысып жатыр

Чехияда жалға алу құнының қымбат болуынан пәтер ақысын төлей алмай, әлеуметтік жатақхана мен қарттар үйіне ауысып жатқан зейнеткерлер көбейді. Пандемия кезінде жеке меншік иелері шаршы метрдің бағасын өсіріп, биыл жыл соңына дейін ондаған мың қартқа баспанасыз қалу қаупі төнді. Мәселе қалай шешімін таппақ?

Чехия қарттары қиындыққа биыл көктемнен бастап тап болды. Коронавирустың кезекті толқыны мен індетке қарсы жаңа шектеулерден пәтер қожайындары жалға беру құнын көтеріп жіберді. Елде көлемі 30 шаршы метрдей болатын шағын пәтерді жалдау айына 600 еуроға жетті. Салдарынан орта есеппен 500 еуро алатын ондаған мың зейнеткер жыл соңына дейін әлеуметтік жатақханаларды паналауға мәжбүр болуы мүмкін. 

Павол Маковски, зейнеткер:

- Әлеуметтік жатақханада да ақы төлеу қажет. Екі орынды бөлмедегі бір бұрыш құны 300 еуро. Қалған зейнетақымның көп бөлігі коммуналдық төлемдер мен азық-түлікке кетеді. Сондықтан пәтер жалдауға қалтам көтермейді. Соңғы 3 айда пәтер жалдаймын деп қарызға баттым.

Ева Кулицкая, зейнеткер:

- Әрине пәтерде тұрғанға не жетсін. Мынадай әлеуметтік паналау орталығына үйрену қиын екен. Бірақ қартайған шағыңда далада қаңғырып қалғаннан жақсы ғой.

Әлеуметтік паналау орталықтарында осы уақытқа дейін пәтерді жалдап келген зейнеткерлер мен өз үйлері бар қарттар да орналаса алады. Алғашқылардың жылжымайтын мүлік нарығындағы үлесі 80 процент. Жалпы Чехияда үй жалдауға бір адамға 200 еуро көлемінде мемлекеттік жәрдемақы бағдарламасы бар. Бірақ қазір оған зейнеткерлердің бестен бір бөлігі ғана жүгінеді. Сарапшылар бұған осы бағдарлама туралы ақпараттың аздығы және оны алу үшін көп құжат жинау қажеттігі себеп дейді.

Елена Страка, Прага қаласы әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы:

- Қарттардың барлығы әлеуметтік жәрдемақы алғысы келеді. Қазір 20 мыңдай қарияның пәтерді жалға алу құнын төлей алмай далада қалып қою қаупі бар. Оларды әлеуметтік паналау орталықтарына немесе қарттар үйіне орналастыруда еш мәселе жоқ. Бірақ жаңа жылдан кейін олардың саны күрт өсе ме деп алаңдап отырмыз.

Ресми билік пәтердің жалға алу құнының өсуіне байланысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Ал қарттарға көбіне волонтерлік пен жастар ұйымдары қолдау білдіруде. Мысалы, өткен күні Прага жоғары оқу орындарының еріктілері әлеуеметтік жатақханалармен бірге зейнеткерлер пәтер жалдап тұратын аудандарда тегін ыстық тамақ таратты. 

Дәурен Ақашұлы, Алексей Лаптенок, Дмитрий Лукша, Григорий Ганецкий

Хабар 24 телеарнасы