Ресейде инфляция деңгейі бойынша рекорд жаңартылды

Әлем елдерінде жэкономикалық жағдай ушықты. Күрделі экономикалық ахуал Латын Америкасы елдерінде де байқалып отыр. Мәселен, Венесуэлада жыл басынан бері инфляция 500 проценттен асып кетті. Бұл көрсеткіш Аргентинада да жоғары. Мұнда қазір халықтың 40 проценттен астамы кедейліктің кебін киюге мәжбүр. 

Ресейде инфляция қатарынан бірнеше ай үдей түсті. Қыркүйектің қорытындысы бойынша ол бес жылдық рекордты жаңартқан. Өткен айда азық-түлік 9,2 процентке, ал басқа тауар бағасы 8 процентке қымбаттаған. Әсіресе, көкөніс, ет пен автокөлік құны шарықтап кеткен. Сарапшылар мұның бірнеше себебі барын айтады. Біріншіден, әлемдік экономикада ақша көбейген. Мәселен, коронавирус пандемиясы кезінде билік халыққа көмек ретінде төлемдерді көбейтіп, арзан несиелер берген. Салдарынан сұраныс артып, өндіріс оны қанағаттандырып үлгермей жатыр. Сарапшылар инфляцияның тағы бір себебі рубльдің долларға қатысты арзандауымен байланысты дейді.     

ВЕНЕСУЭЛАДА ИНФЛЯЦИЯ 500 ПРОЦЕНТТЕН АСЫП КЕТТІ

Венесуэлада да инфляция. Қыркүйекте ол көрсеткіш 9,7 процентке, ал жыл басынан бері 500 проценттен асып кетті. Латын Америкасындағы бұл мемлекет кейінгі жылдары әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан көз ашпай келеді. Осыған байланысты жуырда билік ұлттық валютаның деноминациясын жүргізді. Яғни валюта құнынан соңғы алты нольді алып тастады. Енді бір миллиондық ескі купюралар номиналы бір боливарлық банкнотқа ауыстырылады. Сөйтіп, ең үлкен банкнота құны 100 боливар болмақ. Венесуэла мұндай реформаны соңғы 13 жылда осымен үшінші рет енгізіп отыр. 2008 жылы президент Уго Чавес валюта құнын 3 нольге азайтса, 2018 жылдың жазында Николас Мадуро 5 нольге қысқартқан еді.

БРАЗИЛИЯ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ 60% АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАПШЫЛЫҒЫН СЕЗІНІП ОТЫР

Венесуэламен көршілес Бразилиядағы жағдай да мәз емес. Мұнда да инфляция дегейі жоғары. Жұмыссыздық мәселесі өршіп тұр. Коронавирус пандемиясы мен әлеуметтік бағдарламалардың қысқаруы салдарынан бразилиялықтардың 60 проценті азық-түлік тапшылығын сезініп отыр. Елде күріш, тауық секілді жиі тұтынылатын өнімдер бағасы өскен. Жыл басынан бері газдың құны 30 процентке қымбаттаған.

Франсель Де Сантана, жұмыссыз тұрғын:

–Біз тауықты жиі тұтынамыз. Алайда оның бағасы шарықтап кетті. Бұрын 10 реалға бірнеше тамақ жасауға жететін ет алатын едік. Қазір ол ақшаға тауықтың 3-4 сирағы ғана келеді. Бұл 3-4 адамнан тұратын отбасы үшін жеткіліксіз.

АРГЕНТИНАДА ОН ТҰРҒЫННЫҢ ТӨРТЕУІ КЕДЕЙЛІКТЕ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫР

Аргентинада жағдай тіптен қиын. Мұнда 10 адамның төртеуі кедейлікте өмір сүріп жатыр. Ал әр оныншы тұрғынның баспанасы жоқ. Бұған бірнеше жылға жалғасқан дағдарыс себеп. Былтыр мемлекет өз тарихында тоғызыншы рет дефолт жариялады. Өйткені сыртқы қарызын уақытылы төлей алмаған.