«Кальмар ойыны» қауіпті»: Британияда мұғалімдер ата-аналарға хат жазды

«Кальмар ойыны» телехикаясы балалар психикасы үшін аса қауіпті. Ұлыбритания ұстаздары ата-аналарға осындай ескерту хат жіберді. Өйткені киноны бастауыш сынып оқушылары көріп ғана қоймай, ондағы ойындарды мектепте қайталап жүр екен. 

«Телехикая желісі бойынша ойыннан жеңілген қатысушылар өлтіріледі. Ал балалар шын өмірде сол кейіпкерлерге еліктегісі келеді. Мұндай қатыгездік біздің құндылықтарымызға қайшы. Сериалды балаңызға көрсетпеңіз, зорлық-зомбылық насихаттайтын контенттен аулақ ұстаңыз» делінген хатта.

Ұстаздар, сондай-ақ ересектерді интернеттен төнген қауіпке бірге қарсы тұруға шақырды. Алдағы уақытта ғаламтордан келген қажетсіз ақпаратқа қалай төтеп беру керектігін үйрететін семинарлар өткізу жоспарланып отыр.

Джон Джолли, Ұлыбритания ата-аналары комитетінің бас директоры:

- Ересектерге арналған телехикаяларды балаларға көрсетпеу керек. Ата-аналардың бұған өте мұқият болғаны абзал. Бұл тек атышулы дорамаға ғана емес, қатыгездік пен анайылықты насихаттайтын бүкіл контентке қатысты айтылған әңгіме.