Түркиядағы қазақ студенттері «Бірлік» ұйымын құрды

Ыстамбұлда «Бірлік» жастар ұйымы құрылып, бірінші басқосуын өткізді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында құрылған ұйымның алға қойған мақсаты зор.

Ұйым жетекшілері Түркияда оқитын қазақстандық студенттердің басын қосып, патриоттық сезімге баулып, өзара қамқорлық пен қолдауды дамытамыз деп отыр. Жаңа ұйымның құрылғанына Ыстамбұлда оқитындар дән риза. Шараға шаһардағы студенттермен қоса көршілес провинциялардағы 150-ден астам қара көзіміз жиналды.

Айта кеткен жөн, шетелде оқитын жастарымыздың саны бойынша түрік елі алғашқы ондыққа кіреді. Қазірде елде үш мыңнан астам азаматымыз білім алады.

Әлім Байел, ҚР Ыстамбұлдағы Бас консулы:

- Эпидемологиялық жағдайға байланысты біз жастарымыздың басын қоса алмай жүр едік. Енді міне бүгін Ыстамбұлда жастарымызды жинап, тамаша іс-шара өткіздік. Қонақ ретінде Бурсадан, Сакариядан білімгерлеріміз келді. Ыстамбұлда оқитын қазақ жастарының ұйымын құрдық. Енді әрі қарай осындай іс-шаралар жалғаса беретін болады.

Аслан Серік, «Бірлік» жастар ұйымы төрағасы:

- Бүгін Ыстамбұлдағы белсенді қазақ жастары тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Бірлік» қазақ жастары ұйымының негізін құрып қаладық. Ұйымымыздың басты мақсаты Ыстамбұлда жүрген студенттеріміздің студенттік өмірін барынша қызықты өтуіне және пайдалы өтуіне атсалысу.