Әлем елдерінде карантиндік шектеулер күшейтілді

Әлем коронавирустың зардабынан әлі айыққан жоқ. Керісінше, кейбір мемлекеттерде каратиндік шектеулер күшейтіліп жатыр. Коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын салдыруды бастаған елдердің қатары артып келеді.

Латвияда ковид жұқтырғандар саны күрт өсіп, 3 айға төтенше жағдай енгізілді. Қызметкерлердің көбі қашықтан жұмыс істеуге ауыстырылды. Мейрамханалар мен басқа қоғамдық орындардың уақыты қысқарды. Мектептерде оқушылар мен мұғалімдер барлық уақытта бетпердемен жүруге міндеттелді. Вакцина салдырмаған тұрғындарға дүкендер мен сауда орталықтарына баруға тыйым салынды.

ШЕКТЕУЛЕР ҰЛЫБРИТАНИЯДА ДА ҚАТАҢДАТЫЛДЫ

Уэльс тұрғындары екпе алғаны туралы кәулігінсіз, спорт жарыстарына, түнгі клубтары мен жабық ғимараттағы кез келген іс-шараға қатыса алмайды. Өйткені бұл елде ковид жұқтырушылар саны күніне 35 мыңға жуықтаған. Дәрігерлер 2 айдан соң індет бұдан да қатты ушығуы мүмкін дейді. Себебі қыста тұмау өршиді. Осы кезеңге қарай билік 35 миллион адамға вакцина салуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде коронавирусқа қарсы екпенің үшінші дозасын Британияның 2 миллионнан астам тұрғыны салдырған.

БРАЗИЛИЯДА КОВИД ҚҰРБАНДАРЫ 600 МЫҢНАН АСТЫ

Бразилияда ковидтен көз жұмғандар 600 мыңнан асты. Осылайша бұл мемлекет құрбандар саны бойынша қазір АҚШ-тан кейін екінші орында тұр. Елдегі екінші ірі қала Сан-Паулуда белсенділер індет құрбандарын еске алу іс-шараларын бастады.  Марқұмдардың рухына тағзым ету 2 қарашаға дейін жалғаспақ.

Бренда, жергілікті тұрғын:

– Марқұмдардың осындай жолмен еске алып жатқанымызға бір жағынан қынжыламын. Бірақ бұл өте маңызды іс деп ойлаймын. Біз оларды ұмытпауымыз керек.

ГЕРМАНИЯДА ТЕГІН ТЕСТ БЕРІЛМЕЙДІ

Ал Германияда вакцина салдырудан бас тартқан тұрғындарға тестілеу тегін жасалмайды. Бұдан былай антивакцерлер ковидтің бар-жоғын анықтату үшін 20 еуроға дейін ақы төлейді. Билік осыдан кейін екпе алатындар қатары артады деген пікірде.

ИЗРАИЛЬДЕ «ЖАСЫЛ КУӘЛІК» ТАЛАП ЕТІЛЕДІ

Израильдегі колледждер мен университеттерде "жасыл куәлік" талап етіле бастады. Бұл құжат бірінші доза алғаннан кейінгі 6 айда үшінші компонент салдырғандарға беріледі. Осылайша бастапқыда тапсырылған куәліктер күшін жойды.

ҚЫТАЙДА ҮШІНШІ ДОЗАНЫ САЛУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

Үшінші дозаны салдыру науқаны Қытайда да қарқын алды. Бустерлі дозаны әзірге қауіпті топқа жататын тұрғындар алып жатыр. 

Ван Хуацин, аурудың алдын алу орталығының иммундау жөніндегі сарапшысы

– Үшінші доза ағзадағы антиденелердің санын арттырады. Сондай-ақ ол вирустың мутациясынан сенімді қорғайды. Сарапшылар үшінші компонентті біріншікті кезекте айлақтардың, карантин бекеттерінің, жұқпалы аурулар ауруханаларының қызметкерлеріне салуды ұсынады.

РУМЫНИЯДА ҚАРТТАРҒА БУСТЕРЛІ ДОЗА САЛУ ҰСЫНЫЛДЫ

Румыния бустерлі дозаны әлеуметтік осал топтар мен қарияларға салуды ұсынып жатыр. Өйткені науқастар саны көбейіп жатыр. Бұл елде ковидпен ауырғандардың 90 проценті мүлде вакцина қабылдамаған.

АВСТРАЛИЯДА КАРАНТИННЕН КЕЙІНГІ ӨМІР ЖАНДАНДЫ

Ал Сидней тұрғындары шектеу дегенді ұмыта бастады. Мұнда бүгіннен бастап жаттығу залдары, мейрамханалар мен дүкендер 3 айға созылған карантиннен кейін алғаш рет ашылды. Бірақ қоғамдық орындарға тек толық вакцина салдырғандар ғана кіре алады.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Әсем Хасенқызы