АҚШ-та коронавирус қыс мезгілінде өршуі мүмкін  

Өлім-жітім көрсеткіші мен ауырғандардың саны бойынша әлемде бірінші орында тұрған АҚШ-та осы күнге дейін 44 миллион америкалық ауырып, 715 мыңы ковид індетінен қайтыс болды, деп хабарлайды Хабар 24.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы мамандарының айтуынша, соңғы кезде елдегі эпидахуал біршама жақсарып келеді. Дегенмен індеттен толықтай арылдық деп айту әлі де ерте, өйткені алда қыс мезгілі келе жатыр. Қауіпсіздік шаралары сақталмаса, қатерлі індет қыс мезгілінде қайтадан өршуі мүмкін. Құрама Штаттардағы эпиджағдайдың оңалуына бірнеше себеп бар. Оның негізгісі вакциналаудың қарқын алуы екенін айтады мамандар. Елде екпенің екі компонентін алғандар саны 187 миллионға жетті. Бұл – америкалықтардың 57 проценті. Қазір Нью-Йорк көшелерінде адам қарасы көбейіп, қалыпты өмір жандана бастаған.

БЛИЦ:

 - Халық осы күндерді сағынды. Бір жарым жылдан аса уақыт шыдап келдік қой. Енді көңіл көтеретін уақыт жетті.

 - Ковидтен арылу үшін вакцина алуды қолдаймын. Өйткені емін-еркін жүріп, қалаған мейрамханаңа бара аласың.

Ақ үй басшысы Джо Байден екпені міндеттеу бағдарламасы аясында алдағы уақытта 100 миллион америкалық вакцина алуы тиіс деп мәлімдеді. Сонымен қатар жеткіншектерді де вакциналау маңызды. Осы ретте келесі айдан бастап Pfizer/BioNTech компаниясы 5 пен 11 жас аралығындағы балаларға екпе салуға рұқсат сұрап отыр.

 Пол Оффит, иммунолог-вирусолог:

- Қазіргі эпидахуалдың жақсарып келе жатқаны, әрине, көңіл көншітеді. Бірақ қыс мезгілінің келе жатқанын қаперде ұстауымыз қажет. Өткен жылға көз жүгіртсек, ковид індеті қазан, қараша және желтоқсан айларында өршіген еді. Демек сақ болып, екпе алудың маңыздылығын ұмытпауымыз қажет.

Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметінше, қазір тәулігіне шамамен 97 мың адам вирус жұқтырады. Бұл – қыркүйек айындағы дельта штамының өршіп тұған кезеңінен 44 процентке аз көрсеткіш.

 Энтони Фаучи, АҚШ аллергиялық және жұқпалы аурулар институтының директоры:

- Алған бетімізден қайтпай, бірігіп жұмыс істесек, бұл індетті жеңетініміз анық. Дегенмен пандемияның нақты қашан аяқталатынын дөп басып айта алмаймыз. Өйткені оң динамикаға қарамастан вакцина алуға жарамды 68 миллион америкалық әлі де екпе салмай отыр. 

Эпидахуалдың тұрақталып келе жатқанына қарамастан, арқаны кеңге салу әлі де ерте дейді мамандар. Өйткені АҚШ-тың барлық аумағында жағдай бірдей емес. Джон Хопкинс университетінің мәліметінше, Монтано, Коларадо, Миннесота, Мичиган және Пенсильвания сияқты штаттарда ауырғандардың саны өткен аптамен салыстырғанда 10 процентке өскен. Бұдан шығатын қорытынды – қауіптің беті әлі де толықтай қайтқан жоқ. Демек қарапайым сақтық шараларына немқұрайлықпен қарауға мүлдем болмайды. Әсіресе адам көп шоғырланатын осындай жерлерде.

Авторы: Талғат Алманов