Қырғызстан президенті өзінің өкілеттігін кеңейтетін заңға қол қойды

Енді мемлекет басшысы өз шешімімен елдің премьер-министрі мен үкімет мүшелерін отставкаға жіберуге құқылы, деп хабарлайды Хабар 24.

Президент барлығына жауапты. Қырғызстанда Парламент «Министрлер кабинеті» туралы заңға енгізілген түзетулерді бекітіп, Садыр Жапаров атқарушы биліктің басшысы болды. Себебі жаңа заңға сай Президент үкімет төрағасы қызметін де бірге атқарады. Бірақ премьер-министрдің техникалық міндеттерін Президент әкімшілігінің басшысы жүзеге асырады. Министрлер кабинетінің аппараты болса, мемлекет басшысы әкімшілігімен біріктіріліп, шенеуніктер 30 процентке қысқарады. 

 Исхак Масалиев, Парламенттің экс-депутаты:

- Біз авторитарлы режимді күшейткеннен басқа ешнәрсе ойлап тапқан жоқпыз. Бірақ мен мұны жағымсыз тұрғыдан айтып тұрған жоқпын. Тек қазіргі жағдайды айтып отырмын. Өйткені менің өзім елде бір қожайын болып, оның барлық мәселеге жауапты болғанын қаладым.

Бұдан бөлек жаңа өзгертулерге сай президенттің рұқсатынсыз министрлерді қылмыстық жауапқа тартуға болады. Ол үшін бас прокурордың шешімі жеткілікті. Мемлекеттік марапаттарға ие болған шенеуніктердің де иммунитеті жойылады. Үкіметті президент жасақтап, ал Парламент үміткерлерді тек талқылау құзыретіне ие болмақ. Себебі, партиялық алауыздықтан соңғы жылдары елде саяси талас-тартыс көп туындаған.

 Игорь Шестаков,  саясаттанушы:

 - Үкіметтің партия мүшелерінен құралғанын ұмытпау керек. Осыған байланысты кабинеттің жиі отставкаға кететіні көп сыналды емес пе. Және оларды президент емес, парламент сайлағанын да ұмытпау қажет.

Енді министрді президенттің өзі орнынан босата алады. Ол үшін министрдің қызметінен босату туралы өтініші немесе Парламент пен ұлттық құрылтайдың кеңесі жеткілікті. Бұған дейін мұндай шешімді Жогоргу Кенеш қана қабылдап, сыбайлас жемқорлыққа барды деп айыпталған министр өз қызметін жалғастыра беретін. Енді үкімет мүшесі қызметіне кірісер алдында жеке кірісі жайлы декларация тапсыратын болады.

 Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Бакыт Чермашев