АҚШ-та дауыл мәйіт салынған табыттарды жан-жаққа ұшырды

Филиппинде Компасу тайфуны тасқын мен лай көшкінін тудырды. Желдің екпіні сағатына 100 шақырымға жеткен. Табиғи апат аймағынан 1600-дей адам қауіпсіз жерге көшірілді. Елді мекендерде электр желісі үзіліп, су құбыры істен шыққан.

Филиппинде ойран салған Компасу тайфуны Қытайдың оңтүстігіндегі Хайнань провинциясына жақындады. Болжам бойынша дүлей дауыл ертең жетуі тиіс. Жағалардың арасында жолаушылар қатынайтын 7 су жолына кемелердің шығуына тыйым салынды. Сондай-ақ балықшыларға да теңізге шықпау жөнінде ескерту жасалды. Бұған дейін теңіздегі дауыл құшағында қалып қойған 58 теңізші құтқарылған. Мамандар тайфуннан туындайтын алып толқындардың биіктігі 5 метрге дейін жетуі мүмкін деп жорамалдайды. Осыған орай жағадағы бөгендер бекемделіп жатыр.

Қытайдың Шаньси провинциясы тасқын зардабын қазірден тартып жатыр. Табиғи апаттан 1 миллион 750 мыңнан астам адам зардап шеккен. Билік олардың 120 мыңын қауіпсіз жерге көшірді. Су тасқыны ауыл шаруашылығына арналған 190 мың гектар алқапты бүлдірген. Метеорологтар аймақта мұндай тасқын күз мегзілінде ешқашан болмағанын айтады. Қытай үкіметі тасқынмен күресуге және салдарын жоюға 12 жарым миллион бөлген. Бірақ бұл тым мардымсыз. Өйткені сарапшылардың есебі бойынша экономикалық шығын қазірдің өзінде 780 миллион долларға жуықтаған. Елдегі 14 ірі компания тасқыннан зардап шеккендерге көмек жіберіп жатыр. Тасқын ЮНЕСКО-ның Мәдени мұралар тізіміне енген Пинъяо ежелгі қаласындағы қабырғаларға зақым келтірген. Аймақта 166 туристік орын жабылды.  

АҚШ-тың Калифорния штатында өрт 800 гектар жерді жалмап үлгерді. Тілсіз жаудың кесірінен ірі тас жолы жабылып, тұрғындар көшірілді. Өткен аптада ғана президент Джо Байден Калифорния штатын табиғи апат аумағы деп жариялаған болатын. Сарапшылар ормандағы өрттің өршуіне климат өзгерісі басты себеп дейді.

АҚШ-тың Луизиана штаты тамыз айының соңынан бастап ойран салған Ида дауылының салдарымен әлі күресіп жатыр. Күшті жел үйлерден басқа қабірлерді де бұзған. Луизиана штатының бір айырмашылығы – бұл аймақта тұрғындар мәйіттерді жердің астына емес, үстіне қояды. Дүлей дауыл табыттарды қозғап, аулаға, көшелерге, жолдардың бойына, тіпті кейбірін айдалаға апарып тастаған. Енді мүрделердің кімге тиесілі екені анықталады. Сосын бюджеттен бөлінген қаржыға жерлеу рәсімі қайта жасалады.

Райан Зайдеманн, төтенше жағдай қызметкері:

- Ида дауылы тірілердің ғана емес, өлгендердің де мазасын алды. Мәйіттерді жинау, ДНҚ арқылы жеке дерегін қайта анықтату процесі 1-2 жылға созылады. Адамдарға бақилық болған туысын қайта жерлеу психологиялық тұрғыда өте қиынға соғады. Бұдан бұрын олар қираған үйлерін қалпына келтіруі тиіс.

Испанияның Пальма аралындағы жанартау лавасы бірнеше үйді басып қалды. Мамандар тұрғындарға терезелерді ашпай, пердемен тұмшалап ұстауға және ауабаптағыштарды қоспауға шақырды. Себебі ауа арқылы улы заттар таралуы мүмкін.  Естеріңізге сала кетейік, Пальмадағы жанартау 19 қыркүйекте оянған болатын. Содан бері лава 600 гектар аумаққа жайылып, 2 мыңға жуық үйді қиратқан.

Ернат Қашқынов, Әмір Хайдаров

Сондай-ақ...