Қытай кинотеатрлары биыл 6 млрд доллар пайда тапты

Пандемия кезінде ақсап қалған саланың бірі – кино өндірісі. Бірақ орайын тауып пайдаға кенеліп жатқандары да бар екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қытай кинотеатрларының биылғы кірісі – 6 миллиард доллар. Тек өткен демалыс күндерінің өзінде кассаға 680 миллион доллар түскен. Осылайша Қытай әлемдегі ең ірі кино нарық болып отыр.

Әлемдік киноиндустрия індет салдарынан әлі де айыға алмай жатқанда, Қытайда кино көрсетілімдері рекорд орнатып жатыр. Бір қызығы, ең көп касса жинағандар – отандық фильмдер. «Чосин су қоймасы түбіндегі шайқас» өткен мереке күндері рейтингте көш бастады. Кинотуынды бір аптада 635 миллион доллар касса жинаған.

Жао Шугуан, Қытай кино сыншылар қауымдастығының президенті:

 - «Чосин су қоймасы түбіндегі шайқас» фильмінің түсіріліміне 1,4 миллиард юань кетті. Бұл үздік америкалық туындылардың бюджетімен бірдей. Осыдан-ақ жергілікті кинематографистер мен кино нарығының әлеуетін байқауға болады. Қытай киноиндустриясын одан әрі дамыту үшін бізге осындай фильмдерді ары қарай түсіре беру керек. 

Қытайда мереке сайын отандық фильмдердің тұсаукесері өтеді. Комедия, тарихи драмаларға миллиондаған көрермен тартылады. Мәселен, жыл аяқталмаса да, бір миллиард билет сатылып кеткен. Жалпы Қытайдың кино нарығы жақсы қорғалған. Жылда ел кинотеатрларында 40-қа жуық Голливуд фильмі көрсетіледі. Бірақ цензураға байланысты кей кадрлар алынып тасталады. Ал отандық өнім халықтың патриоттық рухын көтеруге бағытталған.

Блиц:

- Киноға барғанды жақсы көреміз. Соңғы рет «Чосин су қоймасы түбіндегі шайқасқа» бардық.

 - Киноға жиі барып тұрамыз. Соңғы көрген туындылардың бірі – «Чосин су қоймасы түбіндегі шайқас». Негізі отандық фильмдер бізге қатты ұнайды. Олардың сапасы жылдан-жылға жақсарып келеді.

The Hollywood Reporter келтірген дерекке сәйкес, Қытай 2020 жылы әлемдегі ең ірі кино нарық атанған. Десе де коронавирус пандемиясы Қытай нарығына да әсер етті. Мәселен, биылғы кассалық жинақ 2019 жылдан әлдеқайда төмен. Бірақ соған қарамастан, жергілікті кино саласы қарқынды дамып келеді.