Украинада коронавирустың төртінші толқынымен күрес басталды

Украина коронавирустың төртінші толқынымен күресіп жатыр. Вирус жұқтырғандар саны соңғы аптада тәулігіне он мың адамнан асты. Оның мыңға жуығы – бала. Ел билігі вакцина науқанын мықтап қолға алған. Мұнда тәулігіне 66 мың тұрғын екпе салдырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, коронавирус жұқтырғандар саны Украинада соңғы тәуліктерде 12 мың адамнан асып тұр. Бір күнде бұл індеттен 320 тұрғын қайтыс болған. Жедел түрде емханаға жатқызылғандардың көбісінде екпе болмаған. Сала министрлігінің стастистикасына сай, Украинада 7 млн адам екпе алған. Бұл халықтың 15 пайызы ғана. Жексенбі күндері Украинада тек бір тәулікте екпе алған адамның саны алғаш рет 66 мың адамды құрады.

Денис Шмыгаль, Украина Премьер-Министрі:

– Украинада коронавирустың төртінші толқыны жалғасуда. Соңғы сағаттардағы статистика мәз емес, емханаға ауыр жағдаймен түсушілердің қатары артуда. Қосымша төсек орындарын қосып, дәрігерлердің көмегін тартудамыз. Індетпен күресудің ең оңтайлы тәсілі – екпе екенін мойындаймыз. Мұны біздің еуропалық көрші елдерден байқауға болады. Украинаның бірқатар облысы соңғы сағаттарда «қызыл аймаққа» енуі мүмкін. Мұндай жағдайда кинотеатр, кафе, мейрамхана, спорт нысандары және басқа да қоғамдық орындарға келушілер және ондағы қызметшілер 100 пайыз екпе алғанда ғана жұмысын жалғастыратын болады.

Украина үкіметі әсіресе шағын бизнес адамдарынан жауапкершілікті талап етіп отыр. Қызыл аймаққа енген аудан, облыс, қаладағы мейрамхана, кафе, спорт нысандары қызметшілері мен келушілерден вакциналау паспорты немесе ковид тестті талап етуі қажет. Ал білім беру нысандарында мұғалімдер 100 пайыз екпе алғанда ғана оқу орны офлайн қызмет көрсете алмақ.

Денис Шмыгаль, Украина Премьер-Министрі:

– Бизнесті әлеуметтік жауапкершілікке шақырамыз, кәсіпорын басшылығы өз қызметкерлерінен вакцинацияны талап етуі тиіс. Полиция қызметкерлері де қоғамдық орынға келушілерден арнайы бағдарлама арқылы ковид-сертификатты тексеріп отырады. «Қызыл аймаққа» енген облыс, аудан мен қалаларда білім беру мекемелерінің қызметкерлері 100 пайыз екпе алғанда ғана мекеме офлайн қызметіне кірісе алады.

Украина билігі, сондай-ақ карантин жағдайындағы аймақаралық жолаушыларды тасымалдаудың жаңа ережелерін бекітті. 21 қазаннан бастап көлік жүргізушісі мен жолаушылардан ковид сертификат талап етілмек. Бұл ереже облыс және қалааралық тасымалды қамтымайды, алайда аймақаралық және халықаралық авто, теміржол және әуе тасымалының барлық тұтынушыларынан экспресс тест не болмаса ковидке қарсы екпенің алғашқы дозасын болса да, алғаны туралы құжат талап етілмек.

Атап өту керек, Украина дүкендерінен мынандай экспресс ковид тест сатып алуға болады. Мұндай тесттің құны 136 гривен шамамен 2200 теңге тұрады.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко 

Сондай-ақ...