Өзбекстанда 90 мыңнан астам бала вакцина салдырған

Өзбекстанда 90 мыңнан астам бала вакцина салдырған. Жасөспірімдерге америкалық Pfizer екпесі егіліп жатыр.

Ол екі компоненттен тұрады. Вакцинаның алғашқы 1 млн 200 мың дозасы бір ай бұрын АҚШ-тан жеткізілген. Қазір оның 500 мыңға жуық дозасы пайдаланылған. Жалпы, Өзбекстанда 3 238 екпе егу пункті жұмыс істейді. Жасөспірімдер тек ата-анасының рұқсатымен екпе салдыра алады.

Естеріңізге сала кетейік, Өзбекстанда 12 жастан асқан балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салуға қыркүйектің 28-інен бастап рұқсат берілген.

Азизбек Низамов, Алмазар аудандық медициналық бірлестігінің басшысы:

– Бастапқы кезде ата-аналардың көбі балаларына екпе жасатуға қарсы болды. Кейін бірнеше кездесу өткізіп, түсіндіру шараларын жүргіздік. Содан соң көбі өз балаларын ертіп әкеле бастады. Біз бір балаға 0,3 мг мөлшеріндегі дозаны егеміз. Ересектер үшін оның мөлшепі – 0,5 мг. Кейін жасөспірімдер 30 минут дәрігердің қарауында отырады. Барлығы дұрыс болса, үйлеріне жіберіледі. Содан соң 6 күн бойы учаскелік дәрігер балаларды қадағалап отырады. Бүгінгі күнге дейін ешқандай да бір жанама әсерлер болған жоқ.