Ауғанстандағы дағдарыс күллі Еуропаға кері әсер етеді – Режеп Тайып Ердоған

Еуроодақ Ауғанстанға гуманитарлық көмек ретінде шамамен 700 млн еуро жәрдем көрсетпек. Бұл шешім Үлкен жиырмалыққа мүше елдерінің көшбасшылары бас қосқан виртуалды саммитте қабылданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін Еуроодақ аймақтағы экономикалық дағдарыс пен ашаршылықтың алдын алу үшін 300 млн еуро бөлетінін хабарлаған еді. Енді  қаржыландырудың жалпы сомасы 1 млрд еуродан асып отыр. Одаққа мүше елдердің талабы бойынша алдымен Талибан өкілдері Еуроодақ елдерімен келіссөз өткізіп, тиісті уағдаластыққа қол жеткізуге тиіс. 

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған болса, саммитте Ауғанстан мәселесі бойынша жұмыс тобын құру керек деген ұсыныс айтты. Сонымен қатар аймақтағы миграциялық дағдарыс көрші мемлекеттерге  ғана емес, күллі Еуропа елдеріне де кері әсерін тигізетінін тағы бір рет ескертті.

Жиында Италия премьер министрі Марио Драги ауған жеріндегі босқындардың жай-күйі, адам құқығы мен әйелдердің білім алуы керек деген мәселелерді де талқыға салды.

Марио Драги, Италия премьер-министрі:

– Ең бастысы гуманитарлық дағдарыс болмауы үшін әрекет етуіміз керек. Ауған халқы көмекке зәру. Ол үшін жергілікті билікпен қарым-қатынас орнатуға тура келеді. Бірақ бұл біздің тәліптерді мойындағанымызды білдірмейді. Аймақтағы қыздар мен әйелдердің бостандығы қорғалып, олардың білім алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек.

Германия канцлері Ангела Меркель Ауғанстанға қосымша қаржы бөлінетінін хабарлады. Ал тақауда АҚШ осы елдің  бұғатталған активтерін әзірге қайтармайтынын хабарлады. Байден АҚШ тарапынан көрсетілетін көмек тәуелсіз халықаралық ұйымдар арқылы жасалуы керек дейді.

Айта кетейік, билік басына тәліптер келгелі Халықаралық Валюта қоры мен Дүниежүзілік банк  Кабулға бөлінетін көмекті тоқтатқан. Бұғатталған қаржының жалпы сомасы 9,5 млрд доллар.

Сондай-ақ...