Кореяға барған босқын ауғандар корей тілін үйреніп жатыр

Осы Ауғанстаннан қашып, жат жерді паналағандар не күйде? Оңтүстік Кореяға барғандар қазір қалыпты өмірге бейімделіп жатыр. Жергілікті билік босқындарды соғыс болған аймақтан Сеулге 3 ұшақпен жеткізген. Енді ауғандықтар корей тілі мен мәдениетін, ұлттық спорт түрлерін үйренеді.

Владислав Цой, тілші:

- Ауған азаматы Сеулден 120 шақырым жерде орналасқан Әділет министрлігінің бейімдеу орталығында тұрады. Оларға бұл аумақтан шығуға болмайды. Жергілікті билік оларды халал тағамдармен қамтамасыз етеді. 

Кореяға Ауғанстаннан келген 391 адамның басым бөлігі мектеп оқушылары. Екі ай ішінде олар корей тілінің негізгі тіркестері мен тхеквондо соққыларын үйренді. Мұндағы бейбіт өмір балаларға ұнайды. 

Ауғанстанда әйелдерге спортпен шұғылдануға болмайды. Ал Кореяда ерлермен бірге әйелдер хиджабсыз тхеквондо мен футбол сияқты үйірмелерге қатыса алады.

Ха Юн Гук Корея әділет министрлігі босқындар жөніндегі бөлімінің бастығы:

- Біз балаларға қалдықтарды сұрыптау, қаржылық саясат және гендерлік теңдік туралы сабақ береміз. Күнделікті өмірдің заңдары мен ережелерін үйретуге тырысамыз.

Сеулге Корея үкіметтік ұйымдарымен жұмыс істеген ауғандық отбасылар келген. Арасында елшілік қызметкерлері, дәрігерлер және басқа мамандар бар. Оларды Кореяда босқын деп емес, көмекші немесе демеуші деп атайды. Бұл мәртебеге сәйкес келетін виза жоқ, сондықтан оларға уақытша F-1 визасы берілді және мұнда кемінде 1 жыл тұруға рұқсат етілді. Ауғанстан азаматтары Кореяда тұрақты түрде тұруға рұқсат алуы үшін үкімет заңдарға өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. 

- Ауғанстанда қазіргі жағдай ауыр. Көптеген компаниялар жабылды. Қыздардың оқуы тоқтатылды. Сонда туыстарымыз қалды. Оларға күн сайын әлеуметтік желілер арқылы хабарласамыз. Отанға қайтамыз ба, жоқ па? Біріншіден, балалар жақсы білім алып, болашақта Ауғанстанның дамуына өз үлестерін қосады деп сенеміз.

Балалар журналистер сұрағына жауап берді. Олардың көбі болашақта спортшы немесе дәрігер болғысы келетінін айтты. Жергілікті билік ауған жеткіншектерінің арманын орындауға көмектеседі. Осы аптадан бастап оқушыларға корей мектебінің оқу бағдарламасы арқылы сабақ береді. Музыка мен өнерден де дәріс алады. 

Владислав Цой, Ольга Лян

Сондай-ақ...