Канадалық артист ғарышты шарлап қайтты

90 жастағы канадалық артист Уильям Шетнер «Блу Ориджин» компаниясының «Нью Шепард» ғарыш кемесімен кеңістікті шарлап қайтты.

Бұл миллиардер Джеф Безостың компаниясына тиесілі ғарыш кемесінің екінші мәрте көкке көтерілуі. Сапар 10 минутқа созылды. Кеме 100 шақырым биіктікке дейін ұшып, кейін экипаж отырған капсула зымыраннан бөлініп жерге оралды. Шетнермен бірге ғарышқа саяхатта тағы 3 адам болды. Оларды дайындауға бірнеше күн ғана кеткен. Ал сапар жерден басқарылды.

Еске сала кетейік, Уильям Шетнер «Жұлдызды жол» сериалында капитан Кирктің ролін ойнаған болатын.

Уильям Шетнер, артист:

- Сапардан керемет әсер алдым. Бұл менің өмірімдегі ең елеулі оқиға болды. Сезімімді тілмен айтып жеткізу қиын. Алған әсерлерім ұзақ уақытқа дейін сақталар деген үміттемін.