COVID-19: Жаңа Зеландияда ең үлкен тәуліктік өсім тіркелді

Жаңа Зеландияда 71 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар осыдан қорқып отыр. Өйткені вируспен күресте жақсы нәтиже көрсетіп келген мемлекет үшін бұл үлкен көрсеткіш. Бұған дейін елде бірнеше ай бойы коронавирус болмаған. Қазіргі науқастардың барлығы – мұндағы ең ірі қала Окленд тұрғындары. Енді шаһардың бір жарым миллионнан аса халқы келесі дүйсенбіге дейін мүмкіндігінше үйден шықпауы керек. Ал билік эпидахуалдың нашарлауына тұрғындардың үйде сауық кештерін ұйымдастыруы себеп дейді. Жаңа Зеландияда 5 миллионға жуық халықтың жартысынан астамы коронавирусқа қарсы екпенің екі дозасын да қабылдаған. Билік бұл көрсеткіш 90 процентке жетпейінше, шектеу шараларын алып тастамаймыз деп отыр. 

Грант Робертсон, Жаңа Зеландия премьер-министрінің орынбасары:

- Бұл жағдай Дельта штамының тез таралуымен байланысты. Вирус жұқтырудың соңғы оқиғалары тіркелген Окленд қаласында ескертудің үшінші деңгейі жарияланды. Бұл дегеніміз тұрғындар мүмкіндігінше үйден шықпауға тырысу керек. Әрине, шектеулер адамды қажытып жібереді. Алайда әзірге вируспен күресте басқа амал болмай тұр.

Ресейде де эпидахуал мәз емес. Мұнда тағы да жағдай қиындай түсті. Кейінгі тәулікте коронавирустан 986 адам көз жұмған. Бұл пандемия басталғалы тіркелген ең үлкен көрсеткіш. Вирус жұқтырғандар да көп. Мұнда алғаш рет тәуліктік өсім 30 мыңнан асып кетті. Мамандар жағдайдың ушығуын вакциналаудың төмен көрсеткіштерімен түсіндіріп отыр. Енді билік алдағы күндері мұнда шектеу шаралары күшейтілетінін ескертеді.