Еуропа елдері заңсыз мигранттардың нөпіріне алаңдаулы

Германия, Польша, Литва мен Латвия билігі Беларусь арқылы Сирия, Ирак пен Ираннан ағылған заңсыз мигранттардың нөпіріне алаңдаулы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тамыз айында Германияға 4 мыңнан астам келімсек келген. Ал соңғы 2 аптаның ішінде неміс жеріне 1600 адам заңсыз кірген. Сарапшылар ай соңына дейін бұл көрсеткіш екі есеге артуы мүмкін дейді. Босқындардың ағымын тоқтату үшін Литва мен Латвия Беларусь елімен арадағы бақылауды күшейтті. Ал Польша билігі шекарада дуал тұрғызу үшін қазынадан 350 млн еуро жұмсамақ. Әдетте мигранттардың таңдауы Германияға түседі. Келген кірмелерді Германия билігі уақытша шатырлар мен контейнерлерден тұрғызылған жатақханада жайғастырып жатыр. Мәселені шешу үшін үкімет тез арада тиісті шара қолдану керек деп дабыл қағуда.

Михаэль Штюбген Бранденбург, федералды жерінің іім басшысы:

– Жақын арада сыртқы істер министрлігінде кездесу өткізіп, миграциялық дағдарысты жан-жақты талқылаймыз. Мәселені шешу үшін 3 талап қойып отырмыз. Мигранттар отырған ұшақтың Еуропаға қонуына рұқсат бермеу керек. Нақты қай әуе компанияларына шектеу қою керек екенін білеміз. Заңсыз келімсектердің басым бөлігі – Ирак тұрғындары. Олардың 90 проценті – ер азаматтар. Иран, Ауғанстан мен өзге елден келгендер де аз емес.