Әлемге атақты адамдардың заттары аукционнан қымбат бағаға сатылды

Аукцион десе алашапқын болатын адам көп. Себебі құнды тарихи тауардың жария түрде сатылуы ешкімді бейжай қалдырмайды. Қызу сауда өз алдына, құндылыққа қызыққан, өнерді бағалаған жандар көптен күткен дүниені сатып алуға ұмтылады. Осындай аукционның бірі Лондонда өтті.

Лондонда атақты суретші Бэнксидің «Love is in the Bin» картинасы аукционға қойылып, рекордтық бағаға сатылды. Шамамен 22 миллион долларға. Алайда оны кім иеленгені беймәлім. Сотбис үйі ұйымдастырған бәссаудада бұл жолы ешқандай оқыс оқиға болмады. Олай дейтініміз, 2018 жылы Бэнксидің дәл осы туындысы «Шар ұстаған қыз» атауымен алғаш рет аукционға қойылған еді. Сол кезде оны Еуропадан келген коллекционер бір миллион фунт стерлингке сатып алады. Алайда сауда соңында аукционер балғамен ұрып, жеңімпазды анықтамақ болғанда картина жақтауы туындыны қиып тастайды. Міне содан кейін атышулы шығарма қайтадан бәссаудаға шығарылып отыр.

Аль Капоненің мүлігі $3 млн саудаланды  

АҚШ-та әйгілі гангстер Аль Капоненің мүлігі бәссаудаға қойылды. 174 заттан тұратын коллекция 3 миллион долларға сатылды. Ең ірі лот Аль Капоненің сүйікті тапаншасы болған. Ол үшін аукцион жеңімпазы 860 мың долларға шығындалыпты. Жергілікті БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, кольт деп аталатын әлгі тапанша жиырмасыншы ғасырда бәссауда арқылы сатылған ең қымбат қару.

Диана Капоне, Аль Капоненің немересі:

- Мен үшін ең қымбаты атамның Алькатрастан әкеме жазған хаты. Себебі онда өз ұлына деген махаббаты жазылған. Сағынышы айтылған. Мен оны поэзия дер едім. Және аяусыз гангстердің кейпімен мүлде ұқсас емес.

Эми Уайнхаустың киім-кешегі сатылады

Неше түрлі көйлек. Сан алуан сөмке. Зергерлік бұйымдар мен көзілдіріктер. Британдық әнші Эми Уайнхаустың 800-ге жуық жеке заты жуырда Беверли-Хиллз аукционына шығарылатын болды. Бәссауда қарашаның 6-сы мен 7-сі аралығы өтеді.

Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, сатылымнан түскен қаржының бір бөлігі қиын жағдайға тап болған жастарға көмектесуге жіберіледі.

Мартин Нолан, аукцион үйінің атқарушы директоры:

- Сатылымға шығарылған көйлектерді бүгін де киюге болады. Ешқайсысы сәнін жоғалтпаған. Сіздің иелігіңізде аты аңызға айналған адамның заты барын өзіңізге елестетіп көріңізші. Жалпы бәссаудадан түскен қаражаттың бір бөлігі қайырымдылық қорына жіберіледі.

ОАР: Мандела заттары бәссаудаға қойылды 

Оңтүстік Африка республикасының бұрынғы президенті Нельсон Манделаның жеке заттары аукционға қойылды. Атақты саясаткердің құрметіне аталатын мемориалдық бақтың құрылысына көмектесу үшін оның туыстары марқұмның 100-ге жуық дүние-мүлкін бәссаудаға шығарған. Арасында түрлі ою-өрнегі бар Мадиба көйлектері де бар. Кезінде Мандела оларды ресми іс-шараларға киіпті.

Сондай-ақ...