Өзбекстан арқылы Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізіледі

Өзбекстан әуежайына Ауғанстанға гуманитарлық жүк тиелген алғашқы ұшақ қонды.

Салмағы 30 тоннадан асатын жүкті БҰҰ -ның босқындар басқармасы жіберген. Бұл негізінен азық-түлік пен киім-кешек. Гуманитарлық көмек Термездегі логистикалық орталықтан Мазари-Шарифке жеткізіледі. Бұдан бөлек елге тағы екі ұшақ келуі тиіс. БҰҰ мәліметі бойынша, қазір 20 миллионға жуық ауған азаматы көмекке зәру және олардың саны күн сайын артып келеді. 

Думитру Липкану, Орталық Азия бойынша босқындар ісі жөніндегі БҰҰ жоғарғы комиссарының басқармасы өкілінің орынбасары:

- Бұл ауған халқына көмек көрсетуге бағытталған кең ауқымды операцияның бір бөлігі. Біз жалпы 100 тоннаға жуық азық-түлік пен қысқа қажетті керек-жарақтарды жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ұшақтарымыз осы Өзбекстанның Термез қаласына келеді. Барлық тауар Ауғанстанға жеткізілгенше дейін осы жердегі логистикалық орталықта сақталады.