Бейбіт күнгі қырғында 1,2 млн америкалық оққа ұшқан

Соңғы уақыттары атыс оқиғалары АҚШ-та жиілеп кеткенін бұған дейін де айтқанбыз. Қазір тіпті айдың күннің аманында қоғамдық орындарда суық қарудан құрбан болатындар көбейді. Статистика көрсеткіші де үрей тудырады. Он жыл ішінде 1 миллион 200 мың адам қарудан ажал құшқан. 

АҚШ-та кісі өлтірудің 70 проценттен астамы атыс қаруымен жасалады екен. Англия немесе Уэльс сияқты елдерде бұл көрсеткіш тіпті 5 проценке де жетпейді. Демек бұл елде қару-жарақтың қол жетімді екендігі соншалық кісі өлтіру күнделікті болып жатады. Мысалы, бүгіннің өзінде АҚШ-тың бірнеше қаласында атыстың салдарынан қанды оқиғалар тіркелді. Солардың бірі қазіргі көріп тұрған Техастағы барлардың бірінде болды. Белгісіз біреу полиция офицерлеріне оқ атып, салдарынан бір адам қайтыс болды. Тағы да екі адам ауруханаға жеткізілді. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша оқ жаудырған күдікті оқиға орнынан ізін суытып үлгерген.

Марк Херман, Полиция департаментінің өкілі:

– Жаңа ғана ауруханаға барып, оқиғадан аман қалған офицерлеріміздің қал-жағдайын білдік. Атыс барысында бірінің аяғына, ал екіншісінің жауырына оқ тиген екен. Қазіргі сәтте білікті дәрігерлердің көмегімен операция жасалуда. Сонымен қатар үшінші офицер оқиға орнында көз жұмды. Бұл офицерлер менің қол астымда жұмыс істеген жігіттер және күдікті сол үшін жауап береді. Оны міндетті түрде қолға түсіреміз.

Атыстың жиілеп, жағдайдың ушығып бара жатқандығына байланысты президент Байденнің өзі қару-жарақты сатуды қатаңдату керектігін бірнеше рет айтқан еді. Алайда конгресс тарапынан қазіргі ережелерді немесе заңдық нормаларды қайта қарастыруға қатысты нақты шешімдер қабылданған жоқ. Республикалықтардың негізгі аргументі, қару жарақты сатуды қатаңдату арқылы америкалықтардың өзін өзі қорғау құқығын, конституциялық құқықғын алып тастауға болмайды дегенге саяды. Сонымен қатар бұл идея АҚШ-тағы өте үлкен билікке ие Ұлттық Атқыштар Қауымдастығының мүддесіне қайшы келеді дейді сарапшылар. Салдарынан елдегі жағдай жыл сайын ушықпаса, жақсарып келе жатқан жоқ. Мәслен, кеше ғана Алабамадағы футбол стадиондарының бірінде тағы да атыс шығып, төр адам оққа ұшты.

Полл Прайн, жергілікті полиция басшысы:

– Мұндай жерлерге отбасы мүшелері мен жақындарын алып келіп, ойын көру үшін келеді. Ойын үстінде қару қолдану деген сұмдық. Төрт адам оққа ұшты. Біреуінің халі өте ауыр. Полиция басшысы ретінде қатаң шешімдер шығарамыз.

Бірақ мәселенің барлығы біреуді ату ғана емес дейді мамандар. Өйткені бұл проблеманың көпшілік біле бермейтін мынандай қыры бар. Орташа есеппен АҚШ-та қару-жарақтан көз жұматындардың саны 36 мыңнан асады екен. Ең қызығы олардың басым бөлігі тапаншаны қолдану арқылы өз-өзіне қол жұмсағандар екен. Былтырғы жылдың өзінде қару-жарақтан қайтыс болғандардың 63 проценті суицид жасағандар екен. Ал бұл үлкен трагедия дейді мамандар. Өйткені адамның өз өзіне қол жұмсауының алдын алу аса қиын шаруа және қару сатуды қатаңдатудың өзі көмектесе қоймасы анық.

Авторы: Талғат Алманов