Париж марафоны қайта жаңғырды

30 айлық үзілістен кейін Париж марафоны қайта ұйымдастырылды. Жыл сайын сәуір айында өтетін жарыс биыл қазанда өтті, деп хабарлайды Хабар 24.

Бәрі санитарлық шектеулерге байланысты. Соған қарамастан қатысушылар саны 35 мыңға жетті. Бұл жарысқа жеңіл атлетика жұлдыздары қатыспағанын айтпасақ, жалпы марафон өте тартысты өтті деуге болады. Тіпті рекорд та жаңарды.

Париждіктер үшін аталған марафон індет басталғалы болған алғашқы мереке деуге болады. Әрі қалыпты өмірге оралудың айқын көрінісі іспетті.

Бернар Данжан, көрермен:

- Бұл қуаныш, әрине. Қатысушылар одан ләззат алу керек. Біз олардың күлімдеп жүргенін қалаймыз. Ең бастысы сол емес пе?!

Әлеуметтік тұрғыдан биылғы Париж марафоны өте ерекше. Бір жағынан оған санитарлық үзіліс өз әсерін тигізсе керек. Жарысқа алғаш рет муковисцидоз диагнозы қойылған жүгіруші мен өкпе трансплантациясын жасаған екі азамат қатысты. Жалпы қатысушылар бұл жарысқа тек спорттық жетістікке жету үшін ғана қатысып қоймады. Мәселен, Алан Бакли бұл марафонды қатерлі ісік ауруларымен күресті қолдауға арнады.

Алан Бакли, марафонға қатысушы:

- Бүгінде әлем бойынша қайырымдылық ұйымдары өте көп. Өз басым 2019 жылдан бері солардың бірімен тығыз жұмыс істеп келе жатқандықтан, еңбектеріне ерекше қолдау білдіргім келді. Бұған қоса, аталған марафон қатерлі ісікке шалдыққан азаматтарға қолдау көрсетудің тамаша мүмкіндігі деп ойладым.

Пандемияға байланысты енгізілген санитарлық талаптарға сай бүгінде марафон өткізу ережелері біршама өзгерген. Мәселен, Париж көшелері күні бойы жабық тұрды. Яғни қауіпсіздік шараларына байланысты жарысты бастаудың өзіне 4 сағат уақыт кетті.

Авторлары: Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан

Сондай-ақ...