Еуроодақ 1 млрд астам доза вакцина экспорттады

Еуроодақ жыл басынан бері коронавирусқа қарсы екпенің 1 миллиардтан астам дозасын экспорттаған.

Препарат әлемнің 150-ден аса мемлекетіне жеткізіліпті. Бұл туралы Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен хабарлады.

Саясаткердің айтуынша, одақтың өзінде ересек тұрғындардың 75 проценттен астамы екпенің екі дозасын да салдырыпты. Жақсы нәтиже көрсетіп отырған елдердің қатарында Испания, Португалия, Франция мен Дания бар. Ал вакциналау науқаны Румыния мен Болгарияда баяу жүріп жатыр. 

Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия басшысы:

- Еуроодақта өндірілген әрбір екінші вакцина шетелге жеткізілді. Осылайша біз коронавирусқа қарсы екпенің ірі экспорттаушысы болып отырмыз. Сөйтіп, келесі жылы әлемде вакцина алғандар санын 70 процентке жеткізуге ниеттіміз. Алдағы уақытта табысы төмен елдерге препараттың тағы 500 миллион дозасын экспорттаймыз. Бізге жұмыла әрекет ету керек. Бұл коронавирус пандемиясын еңсерудің жалғыз ғана жолы.