Кейбір мемлекеттер балаларға вакцина салуды бастады

Эпидемиологиялық ахуалға байланысты кей мемлекеттер балаларды вакциналауды қолға алды. Мәселен, Аргентинада 3 пен 11 жас аралығындағы бүлдіршіндерге екпе салына бастады. Ал Еуроодақта балаларға арналған вакцина жасалды.

Коронавирусқа қарсы балаларды вакциналауға кейбір елдер бел шеше кірісіп жатыр. Мысалы, Аргентинада 3 пен 11 жас аралығындағы бүлдіршіндерді егу қолға алынды. Әзірге кішкентайларға Қытайдың «Синофарм» компаниясының вакцинасы салынып жатыр. Науқан үшін арнйы 450 дәрігер бөлінген. Жалпы 45 миллион тұрғыны бар Аргентинада 23 милионнан аса адам егілген.

Йесси Мансилла, вакцина салдырушы қыздың анасы: 

- Бізде коронавирусқа қарыс отбасымыздың барлық мүшесі егілді. Үйде тек осы кішкене қызымыз қалған еді. Балаларды да вакцинаалу рұқсат етіліп, бүгін соны егуге алып келдім.  

Филиппинде 12-17 жас аралығындағы балаларды вакциналау басталды

Филиппинде 12 мен 17 жас аралығындағы балалар вакцина салдыра бастады. Әсіресе тыныс алу және өзге де ауруы бар жеткіншектерді егуге басымдық беріліп отыр. Өйткені алдымен осы балаларды жұқпалы дерттен қорғау маңызды. Ұлттық денсаулық сақтау департаменті алдымен ел астанасы Маниладағы жасөспірімдерді вакциналап, 2 аптадан кейін өзге аймақтарға шығады.

Кристл Фернандес, оқушы:

- Мен отбасымды індеттен қорғау үшін вакцина салдырдым. Себебі кей кездері ата-анамның саудасына көмектесіп, көшеге шығып тұрамын. Сондықтан вакцина өте маңызды деп ойлаймын. 

PFIZER балаларды егуге рұқсат сұрады 

Американдық Пфайзер мен Германиялық Байонтек компаниясы 5 пен 11 жас аралығындағы балаларға арналған екпе жасап шығарып, Еуроодақтан оны қолдануға рұқсат сұрады. Жаңа вакцина 2 мың 200 балаға салынып сыналды. Бүлдіршіндерге 21 күн аралығымен жалпы мөлшері 10 микрограмм болатын екі доза егіліп, тексерілген. Компания сынаққа АҚШ-тың да реттеуші органынан да оны сынауға өтініш жолдаған.

БҰҰ вакцина бөлудегі теңсіздікке алаңдаушылық білдірді

Ал БҰҰ әлемде вакцинаның теңдей бөлінбеуіне тағы алаңдаушылық білдірді. Себебі екпенің әділетсіз бөлінуі жаңа штамдардың пайда болуына әкеледі дейді ұйым басшысы. Салдарынан дүние жүзі экономикасының құлдырауы жалғасып, оның қалпына келуі ұзаққа созылады дейді Антониу Гутерриш.

Ресейде індет жұқтырғандар саны артты

Ал әлемнің кей елінде вирустың таралуы қайта күшейіп, эпидемиологиялық ахуал нашарлады. Мысалы, көрші Ресейде соңғы бір күнде 34 мың 325 адамнан ковид-19 анықталып, коронавирусты тәуліктік жұқтыру бойынша тағы рекорд орнады. Індетті жұқтыру Мәскеу облысы және Санкт-Петербург пен Мәскеу қалаларында көптеп тіркелді.

Раиса Поликарпова, дәрігер:

- Қазір науқастар саны күрт артып, оларды қарау үшін дәрігерлердің де бөлмелерін пайдалануға мәжбүрміз. Дәліздерде де адамдардан аяқ алып жүре алмайтын жағдайға жеттік.

Ұлыбританиянада да соңғы аптада вирустың таралуы қайта күшейгені байқалады. Корольдікте соңғы 1 күнде 45 мыңнан аса адам ковид 19-ды жұқтырып алған. Бірақ дерттен өлім-жітім аз. Мамандар мұны халықты жаппай вакциналануымен түсіндіреді. Қазірге дейін тұманды Альбионда халықтың 78 проценті толық егілген.

Жапонияда індеттің таралуы бәсеңдеді

Ал осы уақытқа дейін індеттің таралуы басылмай келген күншығыс елінде керісінше тамыз айынан бері алғаш рет науқастар саны күрт азайып, мамандарды таңқалдырып отыр. Мысалы, Токиода тамыз айынан бері алғаш рет ковид-19 тек 100 адамнан анықталды. Дәрігерлер мұны қарқынды жүргізіліп жатқан вакциналау нақанымен байланыстырады.

Казухиро Татеда, Тохо Университетінің профессоры:

- Дельта штамының таралуымен елде жасы 64-тен төмен адамдардың екпе салдыруы күшейді. Коронавирустың таралуының бәсеңдеуіне осы әсер етті деп ойлаймын. Себебі халықтың көптеп егілуінен ұжымдық иммунитет күшейсе керек. 

Дегенмен, мамандар қыста елде науқастар саны қайта артып, індеттің кезекті толқыны бастала ма деп алаңдап отыр. Айта кетейік, 125 миллион тұрғыны бар күн шығыс елінде қазірге дейін халықтың 66 проценті толық вакциналанған. 

Дәурен Ақашұлы

Сондай-ақ...