Үндістанда жас жұбайлар тойларына темір науамен жеткен

Тасқын су той тойлауға кедергі емес. Осылай деген Үндістан тұрғындары неке қию рәсімін өткізетін жерге жетудің амалын тапқан.

Ғашықтар тұратын Керала штатынынң көшелерін қазір су басып жатыр. Сондықтан әрі - бері қатынау оңай шаруа емес. Құтқарушылар зардап шеккен өңірлерге қайықпен барып көмек көрсетіп жүр. Ал жас жұбайлар үйлену тойына темір науамен жеткен.

Айта кетейік, қазір Үндістанның оңтүстігінде нөсер жауын толастамай тұр. Салдарынан өңірлерді су басып, кейбір жерде лай көшкіні жүрген. Әсіресе Керала штатындағы жағдай қиын. Мұнда табиғат апатынан 20-дан аса адам опат болды.  

Радиха, күйеу жігіттің анасы:

- Біз үйлену тойына алдын - ала дайындалдық. Дін қызметшісі қазір той өткізуге қолайлы уақыт екенін айтты. Сондықтан су тасқынына қарамастан неке қию рәсімін өткіземіз деп шештік.