Еуропада коронавирус қайта өршіді

Еуропада вакциналау науқаны баяу жүріп жатқан елдерде коронавирус қайта өршіп, шектеулер қайтадан қатаңдатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халыққа жаппай вакцина салу көрсеткіші бойынша кәрі құрлықтың өзге мемлекеттерінен артта келе жатқан Латвияда 1 айға локдаун енгізіледі. Ал Украина мен Румынияда жұқпалы дерттен өлім-жітім көбейіп, билік қатаң шектеулерді қайта енгізу мәселесін талқылап жатыр.

Соңғы бір аптада вирусты жұқтыру дерегі 49 процентке өскен Латвияда қазанның 21-інен бастап 4 аптаға қатаң локдаун енгізілетін болды. Себебі вирустың өршуінен ауруханаларда науқастар саны көбейіп, денсаулық сақтау саласына қайта күш түскен. Мамандар мәселе халықты жаппай вакциналаудың баяулығымен түсіндіреді. Өйткені Латвияда ересек адамдарды вакциналау Еуроодақтың өзге елдеріне қарағанда төмен. Кәрі құрлықта қарт адамдардың 74 проценті толық егілсе, Латвияда тек 54 проценті ғана вакциналанған.

Даниэлс Павлютс, Латвия денсаулық сақтау министрі:

– Мен локдаун үшін ең алдымен өздерін және отбасыларын қорғап, дертке қарсы егілген азаматтардан кешірім сұрағым келеді. Себебі біз осы уақытқа дейін халықтың көп бөлігін вакциналауға қол жеткізе алмадық. Салдарынан елде ахуал нашарлап кетпес үшін бірнеше аптаға шектеулерді енгізуге мәжбүрміз.

Вакциналау баяу жүріп жатыр

Вакциналаудың баяу жүруінен зардап шегіп жатқан тағы бір мемлекет – Румыния. Азаматтардың екпе салдыруға асықпауынан вирусты жұқтырғандар саны артып, өлім жітім көбейген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, Румыния қазір әлемде COVID-19-дан тәуліктік қайтыс болғандар көрсеткіші бойынша алда тұр. Соңғы бір аптада дерттен 260 адам көз жұмған. Деректер вирустан қайтқандардың 93 проценті вакциналанбаған азаматтар екенін көрсетіп отыр. Дәрігерлер үкіметтен қайта шектеулер енгізуді сұрауда. 19 миллион халқы бар Румынияда қарттардың 23 проценті ғана егілген.

Адриан Маринеску, дәрігер:

– Статистикаға сүйенсек, вакциналанбаудың салдарының қаншалықты ауыр екенін бірден көресіз. Дертке қарсы егілмегендер арасында өлім-жітім жоғары. Вакцина салдырсаңыз, дертке шалдыққан күннің өзінде ауру жеңіл өтеді. 

Елена Кройтеру, науқас:

– Мен күте тұрайық, көрейік не боларын деп вакцина салдырмап едім. Енді өзімнің бұлай істегеніме қатты өкінем. Егер бәрін қайта бастау керек болса екпені бірінші болып алатын едім.

Словакияда шектеулер қатаңдатылды

Вакциналау науқаны төмен болып жатқан көрші Словакияда вирусты жұқтырғандар қарасы артып, 5 аймақта шектеулер қатаңдатылды. Мейрамхана мен спорттық кешендер жабылды. Жаппай іс-шараларға тек вакцина салдырғандарды енгізу қолға алынды. Елде індеттің өршуіне Рим папасының сапары да түрткі болған. Діни шараға 100 мыңнан аса адам қатысқан.

Дерттен бір күнде 538 адам қайтыс болды

Украинада індеттің төрінші толқынымен күресіп жатыр. Вирустан соңғы тәулікте 538 адам қайтыс болды. Дертті жұқтырғандар саны 15 мыңнан асады. Оның тең жартысы – кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты президент Зеленский елде қатаң карантин режимі қайта оралуы мүмкін екенін мәлімдеді. Қазір Украинаның 5 облысы қауіпті «қызыл аймаққа» енгізіліп, карантин режимі қатаңдатылған. Кинотеатр, кафе, мейрамхана, спорт нысандары және басқа да қоғамдық орындарға келушілер және ондағы қызметшілер 100 пайыз екпе алғанда ғана бизнес жұмысын жалғастыра алады. 

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Коронавирусқа байланысты елдегі жағдай екі жолмен өрбуі мүмкін: вакциналау немесе локдаун. Мен локдаунға барынша қарсымын, экономикамыз да зардап шегеді. Алайда дертті жұқтырғандардың саны күн сайын өсіп барады. Сондықтан екпе – індеттен сақтанудың ең дұрыс жолы.

Вакцина салдырмағандарға талап қатаңдатылады

Соңғы аптада науқастар саны күрт артқан Ресейдің кей аймақтарында вакцина салдырмаған азаматтарға шектеулер енгізіле бастады. Мысалы, Санкт-Петербургта қарашаның бірінен бастап конференция мен спорттық шараларға келушілер тек QR-код бойынша кіргізілмек. Ал қарашаның 15-інен бастап театр, кинотеатр және мұражайларға кіру үшін дәл осындай талап қойылмақ.

Алексей, тұрғын:

– Әр азамат қоғамда әлеуеметтік жауапкершлікке ие. Сондықтан вирусқа қарсы егіліп, барлық сақтық шараларын орындауы тиіс. Мұндай шаралар біздің өмірімізге енген дертті тоқтату үшін маңызды.

Оқушыларды вакциналауды күшейту ұсынылды

Ал вирусты жұқтыру қайта артқан Ұлыбританияда оқушыларды вакциналауды күшейту ұсынылып жатыр. Себебі ғалымдар елде соңғы апталарда науқастар санының өсуін мектептерде вакциналаудың баяу жүруімен байланыстырып отыр.