КВИ: Ресейде өлім-жітім дерегі бойынша рекорд орнады

Ресейде коронавирустан болған өлім-жітім дерегі бойынша рекорд орнады. Небәрі бір тәулікте 1015 науқас қайтыс болды. 33 мыңнан астам тұрғын вирус жұқтырды. Күрделі ахуалға байланысты үкімет қазанның соңынан бастап ел аумағында демалыс күндерін енгізбек. Бұдан бөлек өңірлерде шектеу шаралары күшейтіліп жатыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Мәскеуде коронавирусқа қарсы жаңа шектеулер енгізілді. Енді жұмыс берушілер қызметкерлердің 30 процентін қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстыруы керек. Ал қызмет көрсету саласында еңбек ететін азаматтарға вакцина қабылдау міндеттеледі. Яғни жұмысшылардың 80 проценті екпе алуы тиіс.

Бұдан басқа вакцина салдырмаған егде адамдар мен созылмалы ауруы бар азаматтар толықтай оқшаулануы шарт. Ресей үкіметі мұндай шешімді бүкіл ел бойынша қабылдауды ұсынады.

Татьяна Голикова, РФ вице-премьері:

- Жұмыс істемейтін және вакцина алмаған зейнеткерлерге үйде оқшаулану туралы ережені барлық өңірлердің тез арада қабылдауға кеңес береміз. Азаматтар, мүмкіндігінше, сыртқа шықпағаны жөн.

Өз кезегінде «Ресей Тұтынушылар құқығын қорғау қызметі» бұған дейін қабылданған шаралар коронавируспен күресу үшін жеткіліксіз болғанын айтады. Билік өкілдерінің айтуынша, елде ковидке қатысты өлім-жітім деректерінің артуы вакциналау қарқынының төмендігімен байланысты. Сондықтан қазір аймақтар бірінен соң бірі шектеу шараларын енгізе бастаған.

Тұрғын:

- Күн сайын мыңнан астам адам көз жұмып жатыр. Азаматтарды вакцина алуға итермелеу үшін тағы не қажет? Кім өмір сүргісі келсе, екпе салдыруы тиіс.

Ресейде өткен жылдың наурызында алғаш рет індетке байланысты демалыс берілген болатын. Сол кезде бір апталық үзіліс 1 жарым айлық карантинге ұласқан еді. Кей өңірлерде мұндай жағдай тіпті 2 жарым айға созылды.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров