Үндістанда нөсер жаңбырдан қаза тапқандар саны артты

Толассыз жауған жаңбыр салдарынан Үндістанның солтүстігіндегі Уттаракханд штатында су тасқыны мен тас көшкіні болды. Ондаған адам із-түзсіз жоғалған, деп хабарлайды Хабар 24 Корреспондент.net сайтына сілтеме жасап.

Штатта 46 адам қаза тапты деп хабарлануда. Бұған дейін 41 адам қайтыс болғанын хабарлағанбыз. Елді мекенде үш күн қатарынан жауын жауған.

Бұл жайында 20 қазанда Business Standard газеті жергілікті биліктен алған ақпаратқа сүйене отырып мәлімдеді.

Жергілікті билік құтқару жұмыстарын жүргізу үшін қарулы күштерден көмек сұрауда.

Муссон жаңбырлары Үндістанның оңтүстік аймағындағы Керала штатында да жалғасуда. Метеорологтар алдағы күндерде нөсердің қарқыны бәсеңдейді деп болжауда.

Еске салсақ, бұған дейін тамыз айында Үндістанның Одиши штатында су тасқыны 17 адамның өмірін жалмаған еді. Ауылдық жерде тұратын 1,4 млн адам зардап шегіп, 10 мыңнан астам үй қираған болатын.