Парижде Milipol-2021 әскери инновациялар көрмесі өтті

Робот-саперлер, өрт сөндіргіш дрондар, адамның денесін сканерлейтін тапанша, криптовалюта өнімдері. Парижде қауіпсіздік саласындағы әскери инновацияларды таныстырған көрме өтті, деп хабарлайды Хабар 24.

«Милиполь 2021» көрмесінде мыңға жуық технология көрсетілді. «Олардың көбі желілік жүйеге негізделген. Басым бөлігі көзге көрінбейді, бірақ тиімділігі анағұрлым жоғары», – дейді мамандар.

Қатысушы:

– Атып болғаннан кейін нәтижесін экраннан көре аламын. Мысалы, жаңа ғана атқан оқтарымның 95,7 проценті нысанаға дөп тиген. Дисплейде нені көздедім, қайда аттым – бәрі көрініп тұр. Бұл – революциялық шешім!

Пандемия қауіпсіздікке бөлінетін қаржы көлемін қысқартты. Мұндай төмен көрсеткіш ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін мүлде болмаған. Алайда әскери өндірістің дәстүрлі бағыттарына сұраныс азайғанымен, киберқауіпсіздік нарығы, керісінше, өскен. Франция 2020 жылы желідегі қорғанысқа 5 процент артық қаржы жұмсаған. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш 10 процентке жетпек. Көрмеде ұсынылған озық технологиялардың бағасы да жоғары. Мысалы, төрт аяқты итке ұқсайтын роботтың бағасы – 1 миллион доллар.

Том Якобс, «Ghost Robotics» арнайы жобалар жетекшісі:

- Бұл «Елес Робот» деп аталады. Ол адам өмірін құтқару, белгісіз қауіп бар болуы мүмкін ғимаратқа кіру, газ немесе зиянды түтіннің бар-жоғын тексеру үшін қолданылады.

Бүгінде қорғаныс саласында соғыс емес, бейбіт кездегі азаматтық қауіпсіздік көбірек назарда тұр. Бұл мәселелердің қатарында Қатардағы әлем чемпионаты мен Париждегі Олимпиада ойындары сияқты ірі іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ цифрлық кеңістікті қорғау және климат өзгерісі бар. Милиполь көрмесіндегі ең басты жаңалықтың бірі алғаш рет әлемде криптовалютаны қадағалауға мүмкіндік берген израильдік компанияның технологиясы болды. Лаңкестерге, есірткі топтарына, жемқорлық жағынан сыбайластарға ақша аудару сияқты көптеген күмәнді операцияларда қолданылатын онлайн-ақшаның түп төркінін анықтау мүлде мүмкін еместей болып келген еді, енді цифрлық ақшаны кімнің аударғанын айнытпай көрсететін технология пайда болды.

Том Садон, «Сognyte» компаниясының өкілі:

- Қазір криптотранзакцияларға қауіп төндіру, криптовалюталар серверлеріне шабуыл жасау, әлеуметтік желілердегі алаяқтық, есірткі айналымы сияқты киберқылмыстар кеңінен таралған. Біз ойлап тапқан жүйе цифрлық әлемдегі қаскүнемдердің жолын кеседі.

«Милиполь-2021» 22 қазанға дейін жалғасады. Қауіпсіздік саласына арналған бұл көрме 2 жыл сайын өткізіліп келеді.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Әлия Сыздықова