Ұлыбританияда ковид жұқтыру жағдайлары жиіледі

Ұлыбританияда соңғы тәулікте 50 мыңдай адам індет жұқтырып, жаздан бері болмаған рекорд орнатылды.

Елде күніне 125-150 адам бақилық болып, жағдай ушығып барады. 

Ұлыбритания коронавирустың кезекті толқыны қаупі алдында тұр және өткен жылдағы қиын жағдай тағы қайталануы мүмкін. Осыған алаңдаған халық үкіметті қатаң сынға алды.

Британдықтар әсіресе жасөспірімдерді вакциналау кеш басталды деп айыптап жатыр. Биліктегілер болса, 12 мен 15 жас аралығындағы балаларға екпе салуды жеделдетеміз деп уәде беруде. Бірақ әзірге жаңа локдаундар мен шектеулер енгізу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, ковидтен қайтыс болғандар саны күніне 250-ге дейін жеткенде ғана карантиндік шаралар күшейтілуі мүмкін. Қыс айларында жағдай тіпті ушығу ықтимал, дейді мамандар.

Саджид Джавид, Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі:

- Індет қыста қаһарына мініп, Ұлттық денсаулық сақтау қызметін әлсіретіп тастауы мүмкін. Оған қоса маусымдық тұмаудың да салмақ салары анық. Сондықтан үкімет тұмауға қарсы вакциналау кампаниясын да мықтап қолға алып жатыр.

Елде 12 жастан асқан азаматтардың 79% екпенің қос дозасын алып үлгерген. Халықтың кейбір осал топтары вакцинаның үшінші компонентін де қабылдап жатыр. Бірақ бұл процесс өте баяу жүруде. Індеттің қайта белең алуының тағы бір себебі халықтың иммунитеті әлсіреп кеткен, дейді мамандар. Сонымен қатар елде Pfizer BioNTech-ден гөрі AstraZeneca-SKBio вакцинасын қабылдағандар көп. Соңғысының әсіресе дельта штамынан қорғауда тиімділігі төмендеу.

Айтпақшы, елде Дельтаның тағы бір түрі саналатын АУ.4.2 вирусы пайда болды. Ол бұрынғы штамдарға қарағанда 10-15 процентке жылдамырақ тарайтын көрінеді.

Дегенмен, үкіметтегілер бұл ақпаратты растамады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы