Теңіз жағалауындағы елдерге қауіп төніп тұр

Климаттың өзгеруі теңіз жағалауында орналасқан елдер мен қалаларға қауіп төндіре бастады. Температураның жоғарылауынан зардап шегіп отырған шаһарлардың бірі – Венеция. Теңіз суының жиі көтерілуінен қаланы лезде су басып, халық әбігерге түсті. 

Туризмнің арқасында гүлденіп отырған Венецияның қалыпты өміріне, климаттың өзгеруінің кері әсері күшейген. Мүйісте орналасқан шаһарда соңғы жылдары тасқын жиіледі. Оған ауа райының жылынуынан көтерілген теңіз суы себеп. Мысалы, биыл әдетте жаймашуақ әрі тыныш саналатын тамыз айында шаһарды 5 рет су басты.

Анапаола Лавена, дәмхана қожайыны:

– Соңғы уақытта қалада тасқын жиілеп, кәсібіміз көп зардап шегетін болды. Басқан су барлық өндірістің жұмысын тұралатады. Венеция өзінің шеберлік өнері мен туризм арқасында күн көріп отыр. Сондықтан бұл салаға нұқсан келсе, қала құлдырайды. 

Іргетасы 14-ші ғасырда қаланған шаһардағы ежелгі ғимараттар да теңіздің тұзды суынан бүлініп жатыр. 

Джейн Да Мосто, We Are Here Venice ұйымының басшысы:

– Қала тұрғындары климаттық дағдарысқа ұшырағанымызды әлі де түсіне қоймаған. Сондықтан келешекте бұл мәселемен күресу үшін дайын шешімдер болуы қажет.

Жалпы шаһарды тасқыннан қорғау жұмыстары өткен ғасырдың 70-ші жылдары қолға алынып, 2003-ші жылы жасанды жылжымалы темір бөгеттер құру жобасы жасалды. Олар 2011-ші жылы іске қосылуы керек еді. Бірақ түрлі себептермен ұзаққа созылып, тек 2019-шы жылы қолданысқа берілген. Оның өзінде әлі толық аяқталмаған. Ауқымды қаржы кеткен жобаның олқы тұстары да жоқ емес. Мысалы ол тек су деңгейі 1 метр 10 сантиметрге көтерілген кезде іске қосылады. Қалған уақытта шаһар тасқыннан қорғалмайды. Бірақ мамандар жүйе қаланы су басудан қорғайды деп сендіреді.

Элизабетта Шпитц, Mose жобасының комиссары:

– Негізі бұл бөгет жүйесі су деңгейі 180-190 сантиметрге көтерілген кезде ғана іске қосуға есептеліп жасалған. Ал Венецияда әдетте судың деңгейі 60-80 сантиметрге дейін көтеріледі. Сондықтан жоба қаланы алдағы 100 жылда су басудан қорғайтынына сенімдімін. 

2019 жылы қолданыла бастаған бұл жасанды бөгеттер қаланы тасқыннан талай мәрте сақтап қалған. Былтыр ол 20 рет қосылған. Қазір жүйе теңіз суы 1 метр 30 сантиметрге көтерілгенде қолданылады.

Авторы: Дәурен Ақашұлы