Қырғызстанда жанармай бекеттері жабылып жатыр

Қырғызстанда жанармай бекеттері жабылып жатыр

Қырғызстанда үлкен сұраныстағы АИ-92 бензині литрінің орташа бағасы – 56 сом. Бұл 280 теңге шамасында. Оңтүстіктегі ең ірі облыс орталығы – Ош қаласында үш сомға қымбат. Ал ең алыс Баткен облысында тағы бір-екі сом қосылады. Осылайша шалғайдағы елді мекендерде бензин мен дизель отыны қымбаттап кете береді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені жанармай құю станцияларының иелері отынды елдің солтүстігінде сатып алып, бағасына жол шығынын қосады. Алайда кәсібінен пайда таба алмай отыр. Өйткені қымбат отын халықтың қалтасына ауыр. Сондықтан арзанын іздеуге тура келеді.

Қанат Эшатов, Қырғызстан мұнай трейдерлері қауымдастығының президенті:

- Түрікменстаннан отын жеткізу жолдары қарастырылды. Кейбір жеке компанияның осындай тәжірибесі бар. Егер үкіметаралық деңгейде келісімге жетіп, дәліздер ашылса, мұнай трейдерлеріміз осы нарықты да игеріп алуы мүмкін. Жалпы қауымдастығымызға мүше барлық компания әртараптандыру жолдарын іздеп жатыр. Бірақ бүгінде бізге Ресей Федерациясынан жеткізу ең қолайлы жол болып тұр.

Биыл жазда Ресей мұнай өңдеу зауыттарында бензин 70 долларға, ал дизель отыны 60 долларға қымбаттаған. Қырғызстан жанармайдың бір бөлігін баж салығын төлемей алады. Бірақ сұраныс жоғары болғандықтан, тамыз айында ол да бітіп қалды. Салдарынан мұнай трейдерлері өз жанармай құю станцияларында бензин бағасын 2 сомға көтерді. Бірақ алдын ала ірі көлемде сатып алынған жанармай қоры болғандықтан, отын бағасы күрт қымбаттаған жоқ.

Сағын Маматоморов, Қырғызстан монополияға қарсы реттеу агенттігі реттелетін салалар басқармасының басшысы:

- Мұнай трейдерлерінің барлығында бір жарым-екі айға жететін қор бар. Сондықтан баға шарықтап кеткен жоқ. Бағаны біртіндеп көтеру жөнінде келісімге келдік.

Ресей мен Қырғызстан арасында жақында өткен үкіметаралық келіссөздерде қос тарап жеңілдетілген бағамен қосымша отын жеткізу туралы келісімге қол жеткізді. Баж салығын төлемей, 110 мың тонна бензин мен 165 мың тонна дизель отыны әкелінеді. Қазақстаннан бензин жеткізіп, бағаны тұрақтандыруға болар еді, алайда көп жылға созылған келіссөздер әзірге еш нәтиже берген жоқ.

Бақыт Чермашев