Әзербайжан билігі тұрғындарды коронавирусқа қарсы екпенің үшінші дозасын қабылдауға шақырып отыр

Әзірге мұндай мүмкіндік қарттар мен медицина қызметкерлерінде ғана бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бустерлік дозаны салдыру үшін әзербайжандықтар арнайы сайтта тіркеуден өтуі керек. Ел астанасы Баку тұрғындарының көбі үшінші дозаны қабылдауға дайын екендерін жеткізді. Билік бұл вакциналау сертификатының жарамдылық мерзіміне еш әсер етпейтінін айтып отыр. Ал мамандар үшінші компонент коронавирустан жүз пайыз қорғамаса да, індеттің ауыр түрде өтуін болдырмайды дейді.

Гюльхар Тагиева, аурухана қызметкері:

- Тұрғындардың көбі вакцинаның алғашқы екі компонентін де қабылдап қойған. Үшінші бустерлік доза иммунитетті нығайтып, антиденелердің көбеюі үшін қажет. Бұған дейін қытайлық препаратты салдырған азаматтар қайта вакциналау кезінде Pfizer-ді таңдай алады. Бұған дейін бірінші және екінші дозаны қабылдағаннан кейін бас ауруы мен дене қызуының көтерлуіне шағымданғандар болды. Үшінші дозаны қабылдағаннан кейін ешкім денсаулық жағдайының нашарлауы туралы хабарлаған емес.