Мәскеуде локдаун жарияланды

Коронавирус Ресейді қайта айналдырып тұр. Мәскеуде 11  күндік локдаун жарияланды. Осы мерзім ішінде дәріханалар мен халыққа қажетті зат сататын дүкендер ғана ашық болады.

Ресейде коронавирус өрши түсті. Елде жаппай вакциналау жұмыстары жүргізіліп жатқанымен нәтиже аз. Керісінше, жағдай одан әрі ушығып барады. Күн сайын ковид жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны артып жатыр. Осыған байланысты бүкіл ел бойынша демалыс күндері енгізілетін болды.

Владимир Путин, Ресей президенті:

– Қазір індеттің жаңа толқынына тегеурінді тойтарыс беру өте маңызды. Осы ретте 30-қазан мен 7-қараша аралығы бүкіл ел бойынша демалыс жариялау туралы ұсыныстарыңызды қолдаймын.

Ел президенті Владимир Путин өңір басшыларына қажет болса қосымша шара қабылдауға болатынын да қадап айтты. Мұны ескерген Мәскеу мэрі шұғыл шешім қабылдап, қазанның 28-інен бастап қалада локдаун орнайтынын жариялады. Оған сәйкес, кәсіпорындар жұмысын тоқтатады. Бұқаралық шара өткізуге тыйым салынады. Ал мектеп оқушылары демалысқа кетеді. 11 күн бойы қалада азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана қызмет көрсетеді.

Елдегі эпидахуалдың тым нашарлап кетуі вакциналау қарқынының төмендігімен байланысты. Билік өкілдері тұрғындарды тезірек екпе алуға шақырып жатыр. 

Владимир Путин, Ресей президенті:

– Тағы да қайталап айтамын. Вакцина инфекцияға шалдығуды әрі өлім қаупін азайтады. Осы ретте вакциналау қарқынын арттыру керек екеніне өңір басшыларының назарын аударғым келеді. Ал азаматтарымызды екпе салдыруға шақырамын.

Қазір дәрігерлер мен сарапшылар індеттің төртінші толқыны алдыңғыларына қарағанда әлдеқайда қауіпті болуы мүмкін екенін ескертеді.

Егор Лукьянов, бас дәрігер:

– Қазіргі таңда науқастардың денсаулығы тым тез нашарлап кетіп жатыр. Бұрын мұндай жағдай тек егде адамдар арасында байқалса, бүгінде ауыр халде жатқандар қатарында 30 жастағы азаматтар көп. Осыған қарап, қазіргі коронавирустің әлдеқайда қауіпті екенін айтуға болады. 

Көрші елде инфекцияға шалдығу көрсеткіші 24-ші қыркүйектен бастап өсіп келеді. Күн сайын 30 мыңнан адамнан вирус анықталады. Бүгінде олардың жалпы саны 8 миллионнан асады.

Сондай-ақ...