Ұлыбритания билігі халықты бустерлі вакцинаны қабылдауға шақырды

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон ел азаматтарын вакцинаның үшінші дозасын қабылдауға шақырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір британиялықтардың шамамен 80 проценті екпенің 2 компонентін салдырған. Дәрігерлер енді ересек азаматтарға препараттың бустерлі дозасын ұсынып отыр. Өйткені корольдік аумағында вирус жұқтыру деректері әлі де көп. Мәселен, осы аптада бір күн ішінде қауіпті дерт 50 мыңдай тұрғыннан анықталған.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Статистиканы күн сайын бақылап отырмыз. Вирус жұқтыру көрсеткіші әлі де жоғары. Сондықтан ел азаматтары бустерлі дозаны алғаны абзал.

АҚШ-та CDC Moderna мен Johnson & Johnson вакциналарының бустерлі дозасын қабылдау ұсынылды

Өз кезегінде АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын-алу орталығы коронавирустан қорғанудың қосымша амалы ретінде Moderna және Johnson & Johnson вакциналарының бустерлі дозасын қабылдауды ұсынды. Ол үшін азаматтар Johnson & Johnson вакцинасының алғашқы дозасын кем дегенде екі ай бұрын, ал Modernа-ның екінші компонентін жарты жыл бұрын салдыруы тиіс, дейді аталған мекеменің кеңесшілері. Десе де нақты ұсыныс алдағы күндері дайын болады. Содан кейін ғана бустерлі вакцина халыққа егіле бастайды.