Ауған кәсіпкерлері Пәкістанға визасыз кіре алады

Пәкістан Ауғанстанға жалпы құны 280 миллион доллар гуманитарлық көмек береді. Бұл қаржы негізінен дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдық сатып алу үшін бөлінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ ресми Исламабад ауған бизнесмендері үшін 2 шекара бекетін ашады. Кәсіпкерлер Пәкістанда визасыз 30 күнге дейін бола алады. Бұдан басқа Кабулмен арадағы әуе рейстері қайта жандануы мүмкін. Ұшақтар осы айдың басында тоқтатылған болатын.

Ал Пәкістан әскері 3 ауған содырының көзін жойғанын хабарлады. Құрбандар Ирак және Левант лаңкестік ұйымының мүшелері екен.

Шах Мехмуд Куреши, Пәкістанның сыртқы істер министрі:

– Біз Ауғанстанның уақытша үкіметін қаржылық және экономикалық жағынан қолдау туралы шешім қабылдадық. Ауған саудагерлері жеміс-жидек пен көкөністің барлық түрін біздің елден импорттай алады. Бұл тұрғыда оларға кеден жағынан ешқандай талап қойылмайды.