БҰҰ: Келесі жылы Ауғанстан халқының 97% кедейлікте өмір сүруі мүмкін

Әлемде ескі көлікке сұраныс күрт артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір мінілген темір тұлпар бағасы шарықтап тұр. Сарапшылар оған коронавирус пандемиясы себеп дейді. Өйткені шектеулерге байланысты зауыт-фабрикалар өндіріс көлемін қысқартқан. Сөйтіп көлік жасап шығаруға қажетті микрочип тапшылығы туды. Індет кезінде құрылыс материалдары да қымбаттады. Салдарынан баспана бағасы шарықтап кетті. 

Фермерлер баға 2 есе өскенін айтады

Түркияда инфляция өршіп, азық-түлік бағасы шарықтап барады. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласына қиын болып тұр. Фермерлер тұқым мен тыңайтқыш құны екі есе қымбаттағанын айтады. Дизель отыны да көтерілген. Жығылғанға жұдырық, биыл кей өңірді құрғақшылық жайлап, жағдайды одан бетер ушықтырып жіберді. Түркияның ауыл шаруашылығы саласында еңбекке жарамды халықтың шамамен 25 проценті жұмыс істейді.    

Мухсин, фермер:

Бұрын тұқым бағасы 3 мың лира тұратын. Қазір құны 5 мың шамасында. Тыңайтқыш та тура солай. Табысымыз бұрынғыдай емес. Жағдайымыз қиындап барады.

Инфляция 5 жылдық рекордты жаңартты

Ресейде де инфляция 5 жыл бұрынғы рекордты жаңартты. Ет, көкөніс пен көлік құны шарықтап кеткен. Бағалардың қымбаттаумен күресу үшін үкімет жаңа жүйе ойлап тапқан.

Әлеуметтік маңызды тауарлар санаты үшін баға өсіміне қатысты рұқсат етілген меже белгіленді. Бұл әзірге пилоттық режимде іске қосылған.   

Әлемде ескі көлік бағасы қымбаттады

Көлік бағасының қымбаттауы Ресейде ғана емес, бүкіл әлемде байқалып отыр. Өйткені микрочип тапшылығына байланысты өндіріс көлемі қысқарған. Салдарынан ескі көлікке сұраныс күрт артқан. Мәселен, Данияда ондай темір тұлпар құны үштен бірге көтерілген. Ұлыбританияда ДА ұқсас жағдай. Осы микрочип тапшылығына байланысты Шкода компаниясы өндірісін уақытша тоқтатқан еді. 

Ильяс Догру, экономист:

– Микрочип тапшылығына байланысты кейбір жерде өндіріс көлемі қысқарды. Енді біреулер оны уақытша тоқтатып қойды. Сондықтан жаңа көлікті ұзақ күту керек. Сол себепті ескі темір тұлпарларға деген сұраныс күрт артты.

Баспана бағасы 50 жылдық рекордты жаңартты

Ал Германияда баспана құны шарықтап барады. Биыл тамызда бағалар кейінгі 50 жылдағы рекордты жаңартқан. Сарапшылар мұның бірнеше себебін айтады. Қазір Германиядан бөлек, басқа елдерде ДЕ құрылыс материалдарының құны шарықтап кетті. Шектеулерге байланысты сырттан мамандардың келуі қиындап, жұмыс күшінің тапшылығы туындаған. Бұған наразылық ретінде бір топ адам Парламент алдында ереуіл өткізді.

Лукас Зибенкоттен, пәтер жалдаушылар одағының президенті:

– Пәтер жалдау ақысы жылдар бойы өсіп келеді, бірақ біз мұны тоқтатқымыз келеді. Сондықтан алдағы 6 жылда бағаны көтермеуін талап етіп отырмыз. Және қолжетімді жаңа үйлердің құрылысын бастауға шақырамыз. Осылайша нарықты тұрақтандырып, лайықты баға қалыптастыруға үміттіміз. Келіссөздер кезінде саясаткерлер бұл мәселені қарастырып, заң деңгейінде шешім қабылдауын күтеміз.

Ал Ауған халқы ағаш бағасы шарықтап кеткенін айтады. Алда қыс келеді. Кейінгі кезде тұрмысы онсыз да қиындап кеткен тұрғындар күннің суығында қалай жылынамыз деп алаңдап отыр. Елде азық-түлік бағасы да шарықтап тұр. БҰҰ-ның даму бағдарламасы болжамы бойынша Ауғанстандағы саяси және экономикалық дағдарысты еңсеруде шұғыл шаралар қабылдамаса, келесі жылы халықтың 97 проценті кедейлікте өмір сүруі мүмкін.

Жұлдыз Атагельдиева

Сондай-ақ...