Өзбекстандағы президенттік сайлау: халықаралық байқаушылардың бағасы қандай

Өзбекстан сайлау алдындағы соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ертең маңызды саяси науқан алдында үнсіздік күні жарияланады. Сондықтан бүгін президенттік лауазымға үміткер кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын аяқтаса, орталық сайлау комиссиясы алыс-жақын шет елден келген байқаушылармен кездесу өткізіп, атқарылған істерін баяндады. Жексенбіде өтетін дауыс берудің ашықтығы мен әділдігін 971 халықаралық байқаушы қадағалайды. Сарапшылар өзбектердің жаңа сайлау кодексінде парламенттік сайлауда жіберілген олқылықтарын ескеріп, тиісті түзетулер енгізгеніне ерекше тоқталды.

Омер Коджаман, түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі бас хатшысының орынбасары:

– Жаңа Өзбекстан жаңа жолда нық қадамдармен ілгерілеп жатыр. Барлық сала секілді, сайлау саласында да реформа жүргізілді. Ата-заңға өзгерістер енгізілді. Осыған сәйкес, саяси науқанның халықаралық стандарттарға сәйкес өтіп жатқанына куә болып отырмыз.

Ерік Әшімов, ШЫҰ бас хатшысының орынбасары:

– Үш күннен бері учаскелердің көбінде толық дайындық бар екендігін байқап отырмыз. Биылғы науқанда мүгедек жандарға жасалған өзгерістерді байқадық. Арбамен тіркеліп, кабинкалардың ішінде қолмен ұстай алатындай жағдай жасалған.

Ал ТМД Парламентаралық Ассамблеясы атынан келген байқаушылар Өзбекстанның электронды дауыс беру әдісін алып тастағанына тоқталды. Мұндай әдісті Ресей өз елінде болған саяси науқанда пандемияға байланысты пайдаланған. Бұл өз кезегінде халық арасында біраз дау тудырған. Өзбекстандағы сайлау да пандемия жағдайында өтіп жатқанына қарамастан ала шапанды ағайындар сайлаушылардың өз еркімен учаскеге келіп, дауыс беруін шектемеді. 

Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Біз үшін бұл сайлау қалай өтіп, нәтижесі қандай болатындығы аса маңызды. Соңғы 5 жылда Өзбекстан жаңаша түрленгенін көрдік. Ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Осы жолғы саяси науқанға 50-ге жуық елден 1 мыңға жуық байқаушы келді. Тағы 21 халықаралық ұйым қатысады. Бұл Өзбекстандағы сайлауға деген үлкен қызығушылық бар екендігін дәлелдейді.