«Кальмар ойынының» арқасында Оңтүстік Кореяда сауда қызды

«Кальмар ойыны» біраз жұртты шошытқанымен оның пайдасын көріп жатқандар да бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе Кореядағы тоқыма өнеркәсібінің оң жамбасына келгенге ұқсайды. Фильм кейіпкерлері киген спорт киімдері мен бетперделерге сұраныс артып, сауда қызған.

Осыдан бір-екі ай бұрын Сеулдің орталығындағы бұл базар бос еді. Бірақ Оңтүстік Кореяда карантиндік шектеулер жеңілдетілгеннен кейін мұнда сатып алушылар саны айтарлықтай өсті. Сатылымның өсуіне жақында шыққан «Кальмар ойыны» телехикаясы да әсер етті.

Владислав Цой, тілші:

– Оңтүстік Кореяда Хэллоуин мерекесіне дайындық жүріп жатыр. Биыл бұл мейрамға «Кальмар ойыны» фильмінің кейіпкерлері де қатысады. Олардың арасындағы ең танымалы – ойын менеджері.

Тіпті иттерге арналған киім де тігілді. Ең көп сатылатыны – 426 саны бар костюм. Мұндай ит киімі шамамен 25 доллар тұрады.

«Кальмар ойынының» бірнеше мың костюмін жергілікті кәсіподақ конфедерациясының мүшелері сатып алды. Оны киіп шеруге қатысты. Бір ғана Сеулдің өзінде 27 мыңға жуық адам наразылық акциясына шықты. Олардың айтуынша, сериал олардың шынайы өмірін көрсетеді. Олар да жұмыссыз қалып, кемсітушілікке ұшырады.

Кореяның бірнеше қалаласында нағыз «Кальмар ойынын» ұйымдастыру әрекеттері жасалды. Сериалдан айырмашылығы – жеңілген адам тірі қалады. Ойындардың бірі 24 қазанда Каннында өтуі керек еді. Мыңнан астам адам қатысуға өтініш білдірді. Жүлде қоры 4200 доллардан асты. Бірақ билік карантиндік шектеулерге байланысты ойынға тыйым салды. Әлеуметтік қашықтық ережелері жеңілдетілгеннен кейін ойын өтуі мүмкін. «Кальмар ойынының» кейіпкерлері сияқты тез байып кеткісі келетіндер жетерлік.

Владислав Цой, Ольга Лян