Өзбекстанда президенттік сайлау басталды

Өзбекстанда саяси маңызды науқан басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін ала тақиялы ағайын өз президентін сайлайды. Мемлекет басшысы болудан 5 кандидат үмітті.

Риат Шони, тілші:

– Өзбекстан республикасындағы сайлау учаскелері таңғы 8-ден бастап өз жұмысын бастады. Дауыс беру процесі орталық сайлау комиссиясының баспасөз орталығында тікелей эфирден көрсетіліп жатыр. Айта кету керек, бұл сайлауға 1,5 мыңнан астам журналист келген.

Осы жолғы президенттік сайлауда өзбектер 10 мыңнан астам учаскеде өздерінің конституциялық құқықтарын пайдалана алады. Ал Ташкент қаласы бойынша бүгін 822 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Олардың барлығын тәртіп сақшылары күзетуде. Ол үшін 53 мыңнан астам полицей жұмылдырылған.

Дауыс беру пандемия жағдайында өтіп жатқандықтан санитарлық талаптар да сақталған.

Азиза Мирсаитова, №18 сайлау учаскесінің төрайымы:

– Кіре берісте медицина қызметкерлері кезекшілік атқаруда. Олар келген адамдарға бетперде таратып, дене қызуларын өлшейді. Егерде температурасы көтерілген адамдар болса, оларды ішке кіргізбейді. Даладан дауыс береді.

Алишер Мирталипов, Өзбекстан азаматы:

– Учаскеде барлық жағдай жасалған. Еш қиындықсыз өзімнің конституциялық құқығымды пайдаландым.

Дауыс берудің ашықтығын қадағалау үшін 1 мыңға жуық халықаралық байқаушы келген. Әзірге ресми орган өкілдері ешбір заңбұзушылықтың тіркелгендігін баяндаған жоқ. Тағы айта кету керек, республика бойынша 207 сайлау учаскесіне бейне бақылау камералары орнатылған.

Бұл орталық сайлау комиссия өкілдерінің айтуынша, 2019 жылы өткен парламенттік сайлаумен салыстырғанда 3,5 есеге көп. Тағы бір ақпарат, белгілі бір себептермен бүгін сайлауға қатыса алмайтын азаматтар үшін алдын ала дауыс беру ұйымдастырылған еді. Оған 421 мыңнан астам азамат қатысқан. Ал бүгін сотталғандар да өздерінің таңдауын жасауға мүмкіндік алды. Яғни бүгін өз жазасын өтеп жатқан 8 мың 203 Өзбекстан азаматы дауыс бере алады. Олар үшін 18 сайлау учаскесі жасалған.