Дельта штамының жаңа түрі әлемге тарап кетті

Осы аптада әлемнің біраз елінде вирустың таралуы қайта күшейді. Әсіресе вакциналау көрсеткіші төмен мемлекеттерде эпидахуал ушығып кетті. Сондықтан жергілікті билік санитарлық талаптарды қатаңдатып жатыр. Сондай-ақ осы аптада Ұлыбританияда Дельта штамының тағы бір түрі саналатын Эй Уай 4.2 ((AY.4.2)) вирусы пайда болды. Ол тез арада АҚШ, Ресей, Израиль және тағы да өзге елдерге тарап кетті.

Мамандардың пайымдауынша, вирустың бұл түрі бастапқы штамға қарағанда 10-15  процентке жұқпалы болуы мүмкін.

Ұлыбританияда ковид-науқастардың артуына вирустың жаңа түрі өз әсерін тигізген дейді ғалымдар. Соңғы аптада бұл елде вирустың таралуы қайта күшейді. Жаздың ортасынан бері алғаш рет бір күнде 50 мыңнан астам науқас тіркелді. Дәрігерлер қайта шектеу шараларын енгізуге шақырып отыр. Алайда үкімет мұның қажеті жоқтығын айтты. Халықты жаппай вакциналау нәтижелі болып, дерттен өлім-жітім азайған. Биыл қыста індеттің екінші толқыны кезінде күн сайын 50-60 мың адам коронавирусты жұқтырып, бір мыңдай адам қайтыс болған еді. Ал қазір өлім көрсеткіші екі жүз төңірегінде. Оның өзінде басым бөлігі екпе салдырмағандар. Ал ауруды жұқтыру санының өсуін сарапшылар вакциналау науқанының басында екпе салдырған адамдарда иммунитеттің әлсіреуімен түсіндіріп отыр. Осыған байланысты Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон ел азаматтарын вакцинаның үшінші дозасын қабылдауға шақырды. 

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Статистиканы күн сайын бақылап отырмыз. Вирус жұқтыру көрсеткіші әлі де жоғары. Сондықтан ел азаматтары бустерлі дозаны алғаны абзал.

Ал вирустың жаңа түрі анықталған Ресейде вакциналау баяу өтіп жатыр. Халықтың тек 34 проценті ғана екі екпе салдырған. Нәтижесінде күн сайын елде 35 мыңдай науқас анықталса, соңғы кезде дерттен қайтыс болғандардың саны бір мыңнан асып кетті. Жалпы Ресейде апта бойы ауру жұқтыру мен өлім көрсеткіштері бойынша антирекорд тіркелді. Әсіресе  Мәскеу облысы және Санк-Петербург пен Мәскеу қалаларында эпидахуал күрделі. 

Раиса Поликарпова,  дәрігер:

Қазір науқастар саны күрт артып, оларды қарау үшін дәрігерлердің де бөлмелерін пайдалануға мәжбүрміз. Дәліздерде де адамдардан аяқ алып жүре алмайтын жағдайға жеттік. 

Осыған байланысты бүкіл ел бойынша демалыс күндері локдаун енгізілетін болды. 

Владимир Путин, Ресей Президенті:

- Қазір індеттің жаңа толқынына тегеурінді тойтарыс беру өте маңызды. Осы ретте, 30 қазан мен 7 қараша аралығы бүкіл ел бойынша демалыс жариялау туралы ұсыныстарыңызды қолдаймын.

Бұдан бөлек, вакцина салдырмаған егде адамдар мен созылмалы ауруы бар азаматтар толықтай оқшаулануы шарт. Ресей үкіметі мұндай шешімді бүкіл ел бойынша қабылдауды ұсынады. Науқастар саны бойынша бірінші орында тұрған Мәскеу мэрі шұғыл шешім қабылдап, қазанның 28-інен бастап қалада локдаун орнайтынын жариялады. Оған сәйкес, кәсіпорындар жұмысын тоқтатады. Бұқаралық шара өткізуге тыйым салынады. Ал мектеп оқушылары демалысқа кетеді. 11 күн бойы қалада азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана қызмет көрсетеді. Санкт-Петербург пен елдің өзге аймақтары да бірінен соң бірі шектеу шараларын енгізе бастаған.  

Вакциналау науқаны баяу жүріп жатқан Еуропада елдерінде де коронавирус қайта өршіп, шектеулер қайтадан қатаңдатылды. Соңғы аптада вирусты жұқтыру дерегі 49 процентке өскен Латвияда қазанның 21-інен бастап 4 аптаға қатаң локдаун енгізілетін болды. Себебі ауруханаларда науқастар саны көбейген. Кәрі құрлықта қарт адамдардың 74 проценті толық егілсе, Латвияда тек 54 проценті ғана екпе салдырған.  

Даниэлс Павлютс, Латвия денсаулық сақтау министрі:

- Мен локдаун үшін ең алдымен өздерін және отбасыларын қорғап, дертке қарсы егілген азаматтардан кешірім сұрағым келеді. Себебі біз осы уақытқа дейін халықтың көп бөлігін вакциналауға қол жеткізе алмадық. Салдарынан елде ахуал нашарлап кетпес үшін бірнеше аптаға шектеулерді  енгізуге мәжбүрміз.      

Вакциналаудың баяу жүруінен зардап шегіп жатқан тағы бір мемлекет - Румыния. Азаматтардың екпе салдыруға асықпауынан вирусты жұқтырғандар саны артып, өлім жітім көбейген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, Румыния қазір әлемде ковид-19дан тәуліктік қайтыс болғандар  көрсеткіші бойынша алда тұр. Вирустан қайтқандардың 93 проценті вакцина егілмеген азаматтар.

Елена Кройтеру, науқас:

- Мен күте тұрайық, көрейік не боларын деп вакцина салдырмап едім. Енді өзімнің бұлай істегеніме қатты өкінем. Егер бәрін қайта бастау керек болса екпені бірінші болып алатын едім.  

Вакциналау науқаны төмен деген көрші Словакияда вирусты жұқтырғандар артып, 5 аймақта шектеулер қатаңдатылды. Мейрамхана мен спорттық кешендер жабылды.. Елде індеттің өршуіне Рим папасының сапары да түрткі болған. Діни шараға 100 мыңнан аса адам қатысқан.

Ал Украина індеттің төртінші толқынымен күресіп жатыр. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты Президент Зеленский елде қатаң карантин режимі қайта енгізілуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Коронавирусқа байланысты елдегі жағдай екі жолмен өрбуі мүмкін: вакциналау немесе локдаун. Мен локдаунға барынша қарсымын, экономикамыз да зардап шегеді. Алайда дертті жұқтырғандардың саны күн сайын өсіп барады. Сондықтан екпе – індеттен сақтанудың ең дұрыс жолы.

Украинада қарашаның 7-сінен бастап мұғалімдер мен кей мемлекеттік қызметкерлер міндетті түрде коронавирусқа қарсы егілуі тиіс . Елдің денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша вакцина қабылдамаған ұстаздар жұмысын жалғастыра алмайды. Жергілікті билік бұл талап өзге де мамандық иелеріне қатысты болуы мүмкін дейді. Болжам бойынша олардың тізіміне әлеуметтік қызметкерлер, пошта мамандары мен коммуналдық қызмет жұмысшылары кіруі ықтимал.  

Індет өршіген Чехияда да алдағы аптада шектеулер енгізіледі. Өйткені науқастар саны екі есеге артқан. Жұмыс орындарында бетперде тағу қайта міндеттеледі. Ал қарашаның 1-інен бастап мейрамхана мен мен түнгі клубтарға вакцина салдырғандар немесе ПТР тестің теріс нәтижесі бар адамдар ғана кірігізілмек.

Финляндияда коронавирусты анықтайтын тесттен өтуден бас тартқандар айыппұл төлеуге мәжбүр. Қазір Хельсинки уезіндегі сотта санитарлық ережені бұзған 3 адамның ісі қаралып жатыр. Талапқа бағынбаған тұрғындар саны 60-тан асады. Айыппұл мөлшері бірнеше мың еуродан басталады. Егер тесттен бас тартқан адам өзге тұрғындарға вирус жұқтырса, оған қатысты жаза қатаңдатылады.   

Австрия билігі коронавирусқа қарсы шараны қатаңдата бастады. Енді вакцина алмағандар жұмыссыз қалуы мүмкін. Әр адамның қолында егілгенін немесе ПТР тест нәтижесін растайтын құжат болуы керек. Ереже бұзған қызметкер 500 еуро, ал жұмыс беруші 3600 еуро айыппұл төлейді.

Сондай-ақ...