Еуропа мен Азияда энергия тапшылығы айқындала бастады

Сарапшылар «бұл тенденция әлемдік экономиканың қалпына келуіне кері әсер етеді» дейді. Дағдарыс салдарынан мемлекеттер көмірге, қолжетімді отын түрлеріне көшуді көздеп отыр. Қазір көмірдің 1 тоннасы 200 доллардан асқан. Мұндай бағаның біздің елге әсері қандай?

Еуропаның газдан таршылық көріп отырғанына екі айға жуықтады. Мұндағы көгілдір отын құны былтырдан бері 4 есе артқан. Дәлірек айтқанда өсім 600 процентке жетті. Бірақ биліктің әрекет етуі шамалы. Еуроодақтың кезекті саммитінде сөз алған канцлер газдың қымбаттауына әлемдік экономиканың қарқын алуы мен Азияда энергияға сұраныстың артуы әсер еткенін жеткізді.

Ал мұнай өңдеу зауыттары қолжетімді отын түрлерін көптеп шығаруға ден қойып жатыр. Бүгінде Азия, Еуропа және АҚШ-тағы сұраныс өте жоғары. Америкада бензиннің құны рекордтық деңгейге жетті. Көмір мен газға зәру мемлекеттер қымбат бензиннен бас тартып, керосин, дизельді отын мен мазутқа көшуде. Айтпақшы әлемдегі шикі мұнай және мұнай өнімдерінің құны 60 процентке артқан.

Арман, резидент:

- Бұл үлкен мәселе. Қазір газдың құны 4 долларға тең. Сағатына 10 доллар табатын адам үшін бензин құтысын толтыру қиын. Өйткені ол 65 долларға дейін барады. Баға күн сайын өсіп жатыр. Бензин, азық-түлік бәрі қымбат.

Энергетикалық дағдарыс кей металл құнын аспандатып жіберді. Келесі жылы әлемдегі көлік өндірісі де қиындайды.  Қытай магний тасымалын кідіртіп отыр. Бұл алюминий құймаларына қажетті негізгі өнім. Шэньси провинциясындағы 50 магний зауытының 35-і жабылып тынды. Қалғаны өндірісті екі есе азайтпақ. Қалай дегенмен де, дағдарысты басу қажет. Осы ретте Қытайдың ұлттық комиссиясы энергия тұтынуды үнемдеу бойынша бастама көтерді. Тіпті қосымша көмір өндірісіне көңіл бөле бастады.

Біздің елдегі Тау-кен өндіруші кәсіпорындары республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовецтің айтуынша, мұндай сәтті ұтымды пайдалану керек. Қазақстанда көмірді өңдеу ошақтары енді ғана салына бастады. Әсіресе Еуропадағы газ бағасы қыспаққа алған мемлекеттер көмір іздеп кеткені рас.

Николай Радостовец, тау-кен өндіруші кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры:

- Еуропада газ қымбаттап жатыр. Біз мұндай мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Өйткені олар энергияның арзан түрлерін іздей бастайды.  Еуропа ғана емес, басқа да мемлекеттерде көмір генерациясы қайта іске қосылып жатыр. Оларға көмір керек. Демек, біз мол қорымызды қайда жұмсайтынымызды анықтап алу қажет. Бұл ретте біз үшін Үкіметтің көмегі аса маңызды. Өйткені өндіріс емес, бізді сол көмірді жеткізу жайы алаңдатады. Осы тұста олқылықтар өте көп.

Жыл басынан бері Қазақстан көмірдің 23 млн тоннасын экспорттады. Англия, Корея, Марокко, Үндістан, Болгария сынды жаңа бағыттар бар. Өндіріс қарқыны жылдан-жылға үдетіледі бермек. Өйткені Түркия, Польша, Өзбекстан, Швейцария, Қытай сынды мемлекеттер тапсырыс көлемін ұлғайтқан. Мамандар тасымал жағынан кедергілер барын айтып қалды.

Николай Радостовец, тау-кен өндіруші кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры:

- Бұл біз үшін күрделі мәселе. Көмір экспортын көбейтеміз бе? Тасымал жағынан қиындық болмай ма? Сұрақ көп. Сол себепті Үкіметтен көмек сұраймыз. Біз темір жол саласындағы жеке операторларды тарту керек деп ойлаймыз. Бұл қосымша локоматив, қосымша вагондар келеді. Біздің тәжірибемізге сүйенсек, сол жеке тасымалдаушылар қандай елдерде сұраныс бар екенін көрсетіп те отырады. Пандемия кезінде біз жұмыс бағытын өзгерттік. Бірқатар көмір өндіруші компаниялар Еуропада тұтыну көлемі азайғанын көріп,  қазақстандық логистикалық бағыттарға ойысқан еді.  Бірақ бізден дұрыс жауап болмай тұр. Сондықтан Үкімет инфрақұрылымды кеңейту жайын ойлау керек.

Осы аптада Ресей президенті Еуропаға газ тасымалын арттыратынын айтып қалды. Бірақ өндірушілер әзірге ішкі нарықты қамтуға бел буып отырғанын жеткізді. Владимир Путин Қазақстанның шығысына да газ жеткізіп беруге бекініп отыр. Қазір келіссөздер жүріп жатыр.

Сондай-ақ...