АҚШ-қа заңсыз өтуге талпынған мигранттар саны күрт өсті

АҚШ-қа ағылған мигранттар қарасы қайта көбейді. Шекара қызметі биыл елді заңсыз кесіп өтпек болған босқындар саны бұрын соңды болмаған көрсеткішке жеткенін айтады. Күрмеулі мәселе қалай шешілмек?

АҚШ шекара қызметінің мәліметіне қарағанда биыл қаңтар айынан қазан айына дейін ел аумағына 1 миллион 700 мыңдай адам заңсыз кесіп өтпек болған. Бұл – осы органның 1960 жылы шекарадағы миграцияны бақылай бастағаннан бергі ең рекордтық көрсеткіш, өткен жылдан 4 есе көп. Былтыр Құрама Штаттар аумағына 500 мыңға жуық босқын заңсыз кірмек болған. Қазір Мексиканың оңтүстік аймақтарында ондаған мың келімсек жергілікті биліктен АҚШ-қа қарай сапар шегуге рұқсат сұрап отыр. Полиция мен мигранттар арасында жиі қақтығыс тіркеледі.

Осы аптада АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Колумбияға сапар шегіп, Оңтүстік Американың бірқатар сыртқы істер министрлерімен кездесу өткізді. Басқосу барысында тараптар миграциялық дағдарысты жан-жақты талқылады. Ал ресми дерекке қарағанда қазір Колумбияда 2 миллионға жуық венесуэлалық мигрант паналауда.

Энтони Блинкен, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы:

– Аймақтағы миграциялық дағдарысты шешу үшін ынтымақтастық қажет. Біздің бүгінгі кездесуіміздің басты тақырыбы да осы. Қазір өңірдегі елдердің құқық қорғау органдары арасында миграциямен күрес бойынша серіктестікті ұлғайтуға күш салынып жатыр. Құрама Штаттар босқын мәртебесін беру ісін жетілдіріп, заңды миграциялық бағыттарды ұлғайтуды көздеп отыр. 

Ал АҚШ сенатындағы республикалықтар елге заңсыз кіруге талпынған адамдардың күрт өсуі үшін Байден әкімшілігін айыптап, жағдайды дағдарысты деп қарауға шақырып отыр. Себебі кеден қызметінің мәліметіне қарағанда, биыл шекарада ұсталған жалпы мигранттардың 25 проценті Трамп кезінде кері қайтарылған келімсектер болып шыққан.

Нолсин Товар, венесуэлалық мигрант:

– Өкінішке қарай Венесуэлада жағдай өте ауыр. Жұмыс жоқ, отбасымызды асырау қиындап, осында келдік. Бірақ мұнда да бізді жылы қарсы алып жатқан жоқ. Билік кері қайтқанымызды қалайды.

Сарапшылар да биыл АҚШ-қа мигранттардың ағылуының себебі президент Джо Байденнің сайлауалды уәделерін орындап, Дональд Трамп кезіндегі қатаң миграциялық саясатты жеңілдетуінен дейді. Және алдағы уақытта босқындар қарасы артады деп отыр.

Авторы: Дәурен Ақашұлы