Соңғы бес жылда Бейжіңдегі ауа сапасы едәуір жақсарған

Қытай билігінің мәліметінше, соңғы 5 жылда Бейжіңдегі ауа сапасы едәуір жақсарды. Егер 2015 жылы ауадағы ұсақ шашыраңқы бөлшектердің шоғырлануы текше метріне 80 микрограмм болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 38-ге түскен. Десе де бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгіленген нормадан әлі де жоғары. 

Бейжіңде пандемияға дейін де бетпердеге сұраныс жоғары болатын. Оған ауа сапасының жиі бұзылуы себеп. Тұрғындар күнде таңертең алдымен арнайы қосымшаны қарайды. Егер ондағы көрсеткіш 100 бірліктен жоғары болса балаларымен серуендеуге шықпайды. Ал шаһар билігі ауаның ластануымен күресті 2013 жылдан бастап мықтап қолға алды. Бірақ жағдай тек кейінгі екі жылда жақсарды. Ресми дерекке қарағанда, 2015 жылы 40 күн бойы аспан қою түтін құшағында болса, былтыр шаһар көгін түтін 10 күн ғана тұмшалапты. 

Бейжің ауасын бірнеше бағыт бойынша тазарту қолға алынды. Лас зауыттар жабылып, кейбірі өзге жерлерге көшірілді. Ескі көліктерді пайдалану азайып, көлік қозғалысын нөмір бойынша шектеу енгізілді. Ауа сапасы нашарлап бара жатса, құрылыс жұмыстары мен өндіріс ошақтары тоқтатылады. Көрші провинцияда электр энергиясын күн мен желден өндіретін станциялар іске қосылды.

Ян Цзе, инженер:

– Біз жыл сайын күн мен жел арқылы Бейжіңге көлемі сағатына 14 миллиард киловатт болатын электр энергиясын тасымалдаймыз. Келесі жылы өтетін Қысқы олимпиада ойындары нысандарын 100 пайыз таза энергиямен қамтамасыз етіп жатырмыз. Артық энергияны сақтайтын арнайы қуат орны бар. 

Бейжіңде жылыту маусымы әлі басталған жоқ. Әдетте мұнда жылу қараша айында беріледі. Қыста ауа сапасы жиі нашарлайды. Бірақ биыл қала тұрғындарының саябақтарда серуендеуі жиілген.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Ботагоз Сыргабаева