Телевизиялық эфирлерде Ш.Мирзиёевке көп уақыт берілді – байқаушылар

Өзбекстандағы сайлауда байқаушы миссиясын атқараған Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымы өкілдері саяси науқан кезінде бәсекелестік болмағанын мәлімдеді.

Кандидаттардың жеке бағдарламалары болғанымен, қазіргі президенттің саясатынан ерекшеленетін ештеңе ұсына алмады. Бұл өз кезегінде халықтың таңдауын шектеді деп есептейді ұйым өкілдері. Ескеретін жайт, сайлауда тәртіп бұзу деректері тіркелген. Нақтырақ айтқанда, бір адам бірнеше сайлаушы үшін дауыс берген. Ал телевизиялық эфирлерде Өзбекстанның қазіргі президентіне көп уақыт берілді дейді байқаушылар миссиясы. Дегенмен Еуропадағы ынтымақтатық және қауіпсіздік ұйымының өкілдері Өзбекстанның демократия жолындағы жүзеге асырылған реформаларын ерекше атап өтті.

Оуэн Мёрфи, ЕЫҚҰ ДИАҚБ байқаушылар миссиясының басшысы:

– Біз көптен күткен реформалардың іске асырылуын бақылап отырдық. Жалпы, сайлау процесі бейбіт жолмен өтті. Біз сайлау өткізу жоспарында біртіндеп енгізіліп жатқан жақсартуларды көріп отырмыз. Бірақ әлі көп нәрсе істеу керек. Бес кандидат президенттікке үміткер болды, сонымен бірге олар өз науқанын елдің әр аймағында жүргізе алды. Бірақ сонымен бірге олардың науқандары ұстамды болды.