430,43 492.25 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Суданда әскери төңкеріс болды

  • 112
  • UPD: 08:24, 26.10.2021

Суданда төңкеріс. Әскерилер билікті басып алып, премьер-министр Абдалла Хамдук пен өтпелі үкімет мүшелерін қамауға алды.

Бұдан бөлек Судан егемендік кеңесі мен үкіметі таратылды. Қазір ел аумағында төтенше жағдай жарияланған. Осындай жағдайға байланысты АҚШ, Еуропа Одағы және Араб лигасы алаңдаушылық білдіріп, мәлімдеме жасады. Ал ел астанасы Хартумда он мыңдаған азамат көшеге шығып, төңкеріске қарсылық танытты. Наразы халық көлік дөңгелектерін өртеп, баррикадалар тұрғызды.

Аль-Микдад Мергани, шеруші:

- Олар министрлерді, Егемендік кеңес мүшелерін ұстады. Бұл нағыз төңкеріс. Біз мұны қолдамаймыз. Сол себепті үкімет азаматтық тұлғаларға қайтарылуы қажет. Бұған қоса қамауға алынғандардың бәрі босатылуы тиіс. Ал генерал Абдель Фаттах аль-Бурхан отставкаға кету туралы өтініш жазуы керек. Халықтың басты талабы осы.  

Өз кезегінде теледидар арқылы үндеу жасаған генерал Абдель Фаттах аль-Бурхан мұндай әрекетке амалсыз барғанын айтады. Оған саясаткерлер арасындағы тартыс түрткі болыпты.

Айтуынша, елде азаматтық үкімет сайланбайынша әскерилер Суданның демократиялық жолға түсу ісін әрі қарай жалғастыра береді. Ал сайлау 2023 жылдың шілдесінде өтеді деп бекітілді.

Айта кетейік, әскери және азаматтық билік арасындағы шиеленіс осыдан 2 жыл бұрын, Суданның сол кездегі президенті Омар аль-Башир биліктен шеттетілген кезден басталды. Ал ағымдағы жылдың қыркүйек айында Омар аль-Баширдің жақтастары елде төңкеріс әрекетін ұйымдастырмақ болғанда жағдай одан сайын күрделене түсті.

Хабар 24 телеарнасы